Bugin
Тәуелсіз мамандар әлемжеліде мәлімдеме жасады
Medsupportkz қауымдастығының дәрігерлері Денсаулық сақтау министрлігіне халықты вакцинациялау процедурасындағы жаңалықтарға байланысты сұрау салды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Бас санитар дәрігердің соңғы шешімі бойынша екі дозаның арасы 45 күнге дейін ұлғайтылды (бұрын 21 күн болатын). Бірақ дәрігерлер бұл шешіммен келіспейді. Тәуелсіз ғылыми және медициналық қоғамдастықтың Instagram парақшасында шұғыл үндеу жарияланды.
«Өздеріңіз білетіндей, коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет орташа есеппен екінші дозадан соң екі аптадан кейін қалыптасады. Иммундық қорғаныс пайда болғанға дейін пациент ауырып қалмас үшін барынша сақтануы керек», - дейді Medsupportkz ұжымы.
Medsupportkz өкілдері бас санитар дәрігерге жүгініп, вакцинация туралы жаңа ережелер қандай негізде қабылданғанын және бұл халықты COVID-19-ға қарсы иммундауға қалай көмектесетінін сұрады. Дәрігерлер мен ғалымдар екі дозаның арасы тым ұзақ болса, коронавирусты жұқтырып алу қаупі артады дейді.
Еске салайық, Medsupportkz қауымдастығы бұған дейін «Qaz-Vac» вакцинасы туралы ешбір мәлімет жоқтығы туралы да пост жариялаған болатын.