Саясат
YouTube-те танымал "Jurttyn balasy" каналының авторы Мұрат Данияр ең жас депутатты дебатқа шақырды
"Jurttyn balasy" атымен танымал влогер Мұрат Данияр өзінің инстаграмында жас депутат Мади Ахметті саяси дебатқа шақырды деп хабарлайды Bugin.kz платформасы.
Мақалада оқиғаның хронологиясын ұсынамыз. Мұрат Данияр 26 сәуір күні арнайы постпен инстаграмда жас депутатты дебатқа шақырды:
«Естеріңізде болса, мен «Жас Отан» жастар ұйымын да тілге тиек ете оның сұхбатына шолу жасадым. «Жас Отанның» экс-төрағасы, қазіргі Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембай YouTube-тегі Nartay Aralbayuli каналына берген сұхбатында маған жауап берді. Мәди Ахметов өз парақшасында мен туралы кішігірім үзінді жариялап, мені мұның бәрін лайк пен хайп үшін жасап жатқанымды жазып (басқа аргумент күттіңіз бе?), демократияның басты проблемалары - популизм мен білімнің жоқтығы екенін айтқан еді» - деді влогер постта.
Десе де, шақыртуына жауап ала алмаған ол 30 сәуір күні инстаграмда дебаттың өтпейтінін жариялады:
"Достар, байқағандарыңыздай, дебат болмайды. Әңгіме менде емес, әңгіме аса құрметті депутат Мади Ахметовте" - деп, жауап болмағандығын қорытындыға балады.
Бұл мәселеге байланысты "Неге?" саяси ток-шоудың редакторы Алмас Маратұлы өз постында тоқталып кетті. Айтуынша, әлеуметтік канал түгіл, арнайы арнаға да депутаттарды шақыру оңай емес:
"Влогер бізде мәжіліс депутатын дебатқа шақыра салу оңай деп ойлайтын болуы керек.
Біріншіден, бұны партияның орталық аппараты мақұлдауы тиісті. Кім өз партиясының өкілін отқа айдай салады? Мәдиге тікелей Елбасы рұқсат бермесе де, "железно" Бәйбектен "одобрение" алды деп ойлаймын.
Екіншіден, мәжілістің аппараты бар. Нығматулин еріккеннен мәжілістің екі шақырылымын басқарып отырған жоқ.
Үшіншіден, жұмыс кестесі. Біз жәй ютуб канал емес, 31-ші арнадан шығатын саяси бағдарламаға депутат шақыра алмай әлек боламыз. Пленарлы отырыс, жаңа заңдарды талқылайтын жұмыс тобы, бітпейтін жиналыстар осының бәрі депуаттарсыз өтпейді" деді.
Ал 1 мамыр күні Мади Ахметов өзінің инстаграмында дебатқа дайын екені туралы видео-хабарлама жариялап, өз талаптарын қойды:
"Жақында «жұрттың баласы» деген атағы бар Мұрат Даниярдың жіберген шақыруын көрдім.
Оның алдында, өзінің жеке видеоканалында Жас Отандықтар туралы еш негізсіз ақпараттардан құралған материалмен бөлісті. Мен туралы жазғанына мән бермесем де, әріптестерім туралы айтқанына шыдау мүмкін емес.
Кей азаматтар өзінің саяси амбициясын іске асыра алмай, оны тек өзгелерді даттау арқылы жасағысы келеді.
Дебаттың шарттары:
1. Міндетті түрде LIVE, тікелей эфирде өтуі тиіс.
2. Бұл дебат – танымал, қазақтілді аудиториясы бар, кәсіби тілшінің YouTube каналында ұйымдастырылуы керек" - деді постында.
Айта кетейік, дебатқа негіз болып отырған тақырып еліміздің демократиялық жағдайы. Депутат мемлекеттік саясаттың позициясын, ал влогер бұл процеске сыни пікір-позициясын ұстанып отыр. Қос тараптың жақтастары бір-бірінен қалысар емес.