Bugin

Қазақстандағы тұңғыш «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы туралы не білеміз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еліміздегі жалғыз «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы Шымкент қаласында орналасқан. Дәстүрімізді дәріптеп, киелі құт орынға айналған бұл орталық 2014 жылы ел игілігіне берілген. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаға жасаған іссапары кезінде ашылуына арнайы қатысқан. Бұл мекеме – республиканың өзге өңірлері мен облыстарында жоқ бірегей, ұлттың ұлт екендігін танытатын, оның өткені мен бүгінін сабақтастыратын орталық. 

Мұнда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға байланысты жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, баспа өнімдері шығарылады. Ғасырдан ғасырға жеткен ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталады. Сондай-ақ, оңтүстікті мекендеген өзге ұлыс өкілдерінің де әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері жүйелі түрде зерделеніп, ортақ игілікке пайдалану жағы қарастырылған. «Мәңгілік Ел», «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларын  жүзеге асыру негізгі ұстанымға айналған.

   Орталық ғимараты 2 қабаттан тұрады.  Онда «Ұлттық салт-дәстүр» және мәжіліс залдары орналасқан. Жалпы ауданы 940 шаршы метрді құрайды. Ғылыми-зерттеу және әдістемелік, қорларды ғылыми-зерттеушілікті қамтамасыз ету, ғылыми ағартушылықты қамтамасыз ету және шаруашылық бөлімдері бар. 

Ұлттық дәстүрлі қайта жандандыру мақсатында «Елдіктің бір белгісі – ерулік», «Ұлттық киімдер» секілді түрлі жобалар ұсынылып, «Дәстүрім – асыл қазынам» атты кітап жарық көрген. Пандемия тұсында да елдігімізді ұлықтар, дәстүрімізді дәріптейтін онлайн жиындар өткізіп отырды.