Bugin
Алматы тұрғыны "вакцина алғаннан кейін қайтыс болғаны" жайлы ақпарат ғаламторды шарлады. Бұл туралы Bugin.kz платформасы Azattyq Ryhy сайтына сілтеп хабарлайды.
Осы жағдайға қатысты қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. 1979 жылы туған Бақытжан Нұртазин 12 сәуірде вакцинаның алғашқы дозасын алу үшін емханаға барған. Процедура хаттамаға сәйкес өтті. Екпеден кейін Б.Нұртазин 30 минут бойы бақылауда болған, ешқандай шағым жасамаған.
«21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алған. Дәрігердің қарауы кезінде жағдайы қанағаттандырарлық болған, екпе процедурасынан кейін 30 минут бақылауда болып, Б.Нұртазин үйіне кеткен. Жағдайы үйінде нашарлаған. Жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған», - делінген басқарманың хабарламасында.
Алдын ала болжамға сәйкес, марқұм жедел жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болған. Қазір өлім себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды.
«Нәтижелер қосымша хабарланатын болады, нақты диагноз гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болады», - деді басқармадағылар.