Bugin

Алматыда ЖОО лицензиядан айырылды: түлектер не істейді?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Білім және ғылым министрлігі шет тілдер және іскерлік карьера университетінің лицензиясын тоқтатты. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.
 

Хабарланғандай, БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіне аталған оқу орнының білім сапасына шағым түскен. Осыған байланысты аталған ЖОО-да жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылау қорытындысы бойынша, университет лицензиясының қолданылуын заң бұзушылықтарды жойғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.

Бақылау аясында жоғары оқу орны студенттерінің білім алуы тоқтатылды. БҒМ мәліметтері бойынша, білім алушылардың 97 пайызы шекті балды еңсере алмады және оқу процесінде алған білім мен құзыреттіліктің жеткілікті деңгейін растай алмады.

"Тексеру барысында университеттегі сабақтар кесте бойынша өткізілмейтіні анықталды. Білім бөлімі мен сауалнама нәтижелері білім беру сапасының төмен деңгейін және жұмыс берушілердің кадрлар даярлауға үлес қоспайтынын көрсетті. ЖОО-да академиялық адалдық қағидаттары сақталмайды: студенттердің курстық жұмыстары екіжақты тексеру жүйесі арқылы өтпейді, ал дипломдық жұмыстар академиялық адалдық қағидаттарын бұзу анықталған жағдайда да қорғауға жіберіледі. Жалпы университет білім беру саласындағы заңнаманы өрескел бұзуға жол берді", - деп түсіндірді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Заңнамаға сәйкес лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған жағдайда студенттер ЖОО-ның анықталған бұзушылықтарды жойуын күтпей-ақ, басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады.