Bugin

“Жеңіс күнін Рейхстагта қарсы алған қазақ жауынгері”

 Қаһарлы жылдардың қан майданында Отан үшін төрт жыл төпелеген оқтың арасында шайқасқан ата-бабалар ерлігі "Елім!" деген ұрпағы барда ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында сұрапыл соғыстың отты жылдарында ұрпағы үшін қан кешкен батыр атам Медьяев Халидолла ( нағашы атам) туралы осы жерге бір үзік естелік қалдыруды жөн көрдім

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елде жүргенде ұзақ жыл ұстаздық қызмет етіп, “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Атырау”) газетінің штаттан тыс тілшісі болған, ауылдастары арасында “Қарағайлыдағы тілші Медьяев” атанған атам Мәскеу түбінен Берлинге дейінгі соғыс соқпақтарынан өтті. 1942 жылы Мәскеу түбіндегі орталық майданның 75-ші дивизиясы, 241 атқыштар полкінің, 45-батальонының командирі Халидолла Медьяев Орел-Курск, Киевті азат етуде Днепрден өткен жауынгерлер қатарында болып, Варшава, Люблин, Цедлес, Житомир қалаларындағы қанды қасапқа қатысып, Висла өзенінен өткенде де алдыңғы лепте болды. 3 мәрте “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен, Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған атам АҚШ, Кеңес үкіметі басшылары, Сталин, Трумен, Черчилль қатысқан Потсдам конференциясы кезінде құрметті күзетке тұру бақытына ие болады. 

“Жеңіс күнін Берлинде қарсы алып, Рейхстаг қабырғаларының біріне қарындашпен Қызыл Армия жауынгерлері аты-жөнімізді жазып қалдырдық. Солардың қатарына мен де “Медьяев Халидолла” деп қостым”,- деп жазады атам өз естелігінде. «Елге аман оралып, Жеңістің 5 күнін көрсем де арманым жоқ деуші едік отты жылдарда. Қазір міне бейбіт күннің шапағын қарсы алып отырмын”,-деп еске алатын көзі тірісінде. 

Қазіргі бейбіт өміріміз үшін, алшаңдай жүріп, анық басқанымыз үшін, ашық аспанымыз үшін қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабаларымызға мың тағзым! Тек Жеңіс күні емес, әрқашан ұмытпай, еске алып жүрейік! Ұрпағы үшін от кешкен аталарымыздың жаны пейіште шалқысын!!!