Bugin

"Бүтін бір «ыржақай» тобыр тәрбиеленіп келеді"

Қазақ ықылым заманда үш арсыздың біреуі деп күлкіні атады. «Күле берме», «ұят болады» деген сөздерді бала күнімізден құлағымызға құйып өсірді. Күлкінің де түрі көп. "Күлдіре білу – өнер, күлкі болу –  өлім"  дейді. Қазақта сатираның да салмағы ауыр. Ащы мысқыл, улы кекесінмен астарлап шындықты жеткізіп, үлкені мен кішісіне ой салатын. Кезінде Абайдың сатиралық бір ғана өлеңінен кейін Көкбай өз бойындағы жағымсыз қасиеттерді байқап, сабақ алған. Ал қазір қалай? Күлімдеу мен күлкінің, астарлы әзіл мен жеңіл қылжақтың, байыптылық пен бейқамдылықтың орны ауысқандай.
 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Әлеуметтік желінің әлеуеті артқан заман. Ол жерде редактор жоқ, сарапшы жоқ. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң, жұрт білгенін жазады, ойына келген істеп, түрлі бейнежазбалар салады. Бірі жақсыны, бірі жаманды. Негізі ұлттық тәрбиені төрге шығару үшін кім көрінгеннің шалажансары халыққа ұсынылмауы тиіс. Сүзгіден өтіп, жақсысы мен жаманы сұрыпталғаны жөн.

Қазір жастар арасында өте үлкен танымалдылыққа ие «вайн», «пранк» деген батыстан келген дүниелер бар. Барлығы десті бос күлкі, мысқыл мен ажуаға немесе жарнама мақсатында жасалады. Былайша айтқанда, ол сол дүниелерді жасағандар үшін табыс көзі. Ал, ойлы оқырмандар үшін бұл – бос қылжақ. Жастар бос күліп, салмақтылықтан айырылып барады. Бұл адам бойына байыптылық, таразылау, салмақтылық деген секілді салиқалы қасиеттерді емес, әр нәрсеге атүсті, жеңіл, бейқамдылықпен қарауға тәрбиелейді. Вайн түсірушілер табыстан қағылсын ба, әйтеуір орайы келсе орынсыз дүниелерді салып жібереді. Бүгінгі балалар баба аманатын емес, сол вайн мен пранкті көріп өсіп келеді.

Байқайсыз ба, біздер тым күлекеш болып барамыз. Болатынды да, болмасты да қылжаққа айналдыруға құмармыз. Айтпақшы, бұған телеарналар да бар күшін салуда. Телеарна басшылығында отырғандар да тележүргізушілер етіп нағыз тележурналистерді емес, жайдарманшы, вайнер, әзілкешті таңдап алатын болған. Әзілкештер тізгінін ұстаған бағдарламаларды көргенде, тап бір сатиралық театрлардың қойылымына келдім бе дерсің?! Ең қорқыныштысы, осындай сайқымазақтық пен бос қылжақ қазақтың ұлттық мәдениетіне айналып кетпесе екен.
Сіз не дейсіз, ойлы жас?!