МӘДЕНИЕТ
Мұқағали Мақатаевқа арнау өлең!
Шыдаймын, шыдаудан еш жалықпаймын .
Жаным ояу бірақ та сәл ұйықтаймын.
«Ғасыр ақыны» атанған - Мұқағали ,
Сол ғасырда мен дағы қалықтаймын.
Әр өлеңі байқатар жан дүниесін,
Көз жүгіртсең өзін-ақ түсінесің.
Мәңгілікке өлместей мұрасы бар
«Әлі талай жазар еді» деп күрсінесің.
Үш бақытты көрсеткен өзің едің,
Айтарда ойым, сөйлесем сөзім едің.
Қиын сәтте есіме алатұғын,
Шексіздіктей шегі бар төзім едің.
Сәби болғың келіп еді, бола қойшы,
Қайта шыққан айдайын тола қойшы.
Тым құрыса жалғанға қайта келіп,
Поэзия боп, көңіліме қона қойшы.
«Ей , өмір» деп жырланған жырларың да,
Өлең болып шырқалар сырларың да.
Сөздеріңді мен жиі кездестіремін,
Өмірдің қатпар-қатпар қырларында.
Сенің күнің елеусіз қалмағандай,
Асыл мұраң ғасырларды жалғағандай.
Құдды бір күй кешемін Жетімкөлдің
Төбесінде аққулар самғағандай…