Bugin

Шымкенттің бас инфекционисті: Ауыр жағдайдағы науқастар көбейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ережепов Бақтығали  коронавируске шалдыққан ауыр халдегі науқастардың көбейгенін жеткізді. 

Бас инфекционистің айтуынша, ауыр жағдайдағы науқастардың басым бөлігі өз бетінше үйлерінде ұзақ уақыт ем алған. Соның салдарынан ауыр халде ауруханаға түскен. 

«Жұқпалы аурулар ауруханасы 560 төсек-орынға арналған. Бүгінде ауруханаға түскендердің барлығында коронавирус оң нәтиже беруде. 560 төсек-орынның 60 төсек-орны жансақтау бөліміндегі науқастарға арналған. Сол жансақтау бөліміндегі төсектің 95 пайызында науқастар ауыр халде жатыр. Олардың жартысы ИВЛ, қалғандары оттегі аппаратына қосылған. Ауруханаға түсіп жатқан науқастардың басым бөлігінің өкпесі 80-95 пайызға дейін қабынып, сатурациясы 50-ге дейін түсіп кеткен.  Бұл науқастардың көбісі үйлерінде 7-10 күндей ұзақ уақыт ем қабылдап, ауруларын асқындырып алған. Үйде ем қабылдап, түрлі препарат алған науқастарды емдеу дұрыс жүрмей жатыр.  Баршаңызға айтарым, өз бетінше үйде ем алудан аулақ болыңыздар.  Коронавирус белгілері байқалған жағдайда,   учаскелік дәрігеріңізге немесе жедел жәрдемге хабарласыңыз. Қазір қаладағы барлық емханаларда вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Вакцинация - осы ауруды алдын алудың ең негізгі жолы. Сондықтан осы вакцинаны алуға шақырамын», - дейді жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ережепов Бақтығали.