Bugin
Шымкент қаласындағы жол жөндеу жұмыстарында биылғы басымдық шалғай орналасқан шағын аудандарға берілмек. Шалғай елдімекендердегі 100 шақырым жол жөндеуден өтеді.
Жалпы осы жылы 168 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 18 нысанда қайта жаңарту, 4 – күрделі жөндеу, 8 – оң жақ өткел салу, 138 – орташа жөндеу, 7 – магистралды көше, 69 – ішкі орам көшелер, 62 – шалғай аудандардағы көше жөнделеді.
Аудандарға жекелей тоқталар болсақ, мәселен, Абай ауданында 81,7 шақырым жол жөнделеді. Оның ішінде шалғай шағын аудандардағы 6,7 шақырым болатын жол қаралған. Олардың қатарында Солтүстік саяжай, агрофирма Қарасу, Тұрлан, Жаңаталап, Игілік және Жиделі шағын аудандары бар. Одан бөлек, 43,9 шақырым ішкі орам көшелер жөнделеді. 9,1 ш магистралды көше (Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесі), 9,1 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. 12, 9 шақырымда құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Ал, Әл-Фараби ауданында 16,3 шақырым жол жөнделеді. Қонаев даңғылының, Қонаев-Рысқұлов жолайрығының құрылысы жалғасады. Сонымен бірге, 6,5 магистралды көше, 1 шақырымды құрайтын Сәуле шағын ауданы, Машинист өткелі, 1,3 шақырым болатын Есіл және Ақ қайың көшесіндегі ішкі орам көшелер жөнделеді.
Еңбекші ауданында 64,5 шақырым жол жөнделеді. Ең көп бөлігін, яғни 50,2 шақырымдық жол шалғай аудандарға бөлінген. Олардың қатарына Тоғыс, Базарқақпа, Бадам-1,2, Тұрдыабад, Абдулабад, Қаратөбе, Жалын, Елтай тұрғын алаптары мен Чапаевка, Шаңырақ, Оңтүстік шағын аудандары кірген. 2,1 шақырым ішкі орам көшелері, 6,2 магистралды көшелер, 6 шақырымдық жолда құрылыс жұмыстары атқарылады.
Ең ауқымды жұмыс Қаратау ауданында болмақ. Мұнда 90 шақырым жол жөнделеді. Сайрам, Шапырашты, Орманшы, Мәртөбе, Қайнарбұлақ, Өтеміс, Таскен, Достық (Қызылсай), Асар-2 тұрғын алаптары мен Азат шағын ауданында 42,3 шақырым жол жөнделеді. Сондай-ақ, 13 шақырым ішкі орам көшелері, 34,7 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.