Bugin

Шымкенттің бас санитары "Ashyq" жобасы туралы баяндады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Әбдіманап Қошқарұлы қаладағы эпидемиологиялық ахуал, санитарлық-ағарту жұмыстары мен «Ashyq» жобасы туралы баяндады.

– Қазіргі таңда қалада эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Яғни, 15 сәуірден бастап «қызыл» аймақта болды. Ал COVID-19 жұқтыру жағдайының тіркелу санын ескере отырып, 26 сәуірден бастап «сары» аймаққа ауыстырылды. Бірақ науқастардың ішінен коронавирустың «британиялық», «оңтүстік африкалық» және «бразилиялық» ауыр жағдайда өтетін түрлері анықталуда. Бұл індеттің қауіптілігін онан сайын арттырып отыр, – деді департамент басшысы.

Спикердің сөзінше, 23 сәуірде қалалық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Ashyq» жобасына қатысатын субъектілерге шектеу шараларын бекіту туралы Қаулысы шыққан. Ол 26 сәуірден бастап күшіне енді.

Яғни, бүгіннен СПА-орталықтар, бассейндер, йога орталықтарын қоса алғанда, фитнес-клубтары қалыпты режимде жұмыс істейді. Ал банкет залдарын, асхана, фаст-фуд объектілерді қоспағанда, қоғамдық тамақтану орындарының уақыты сағат 07:00-ден 00:00-ге, ал толтырылуы 50%-ға дейін шектелген. Кинотеатр, театр, филармония мен концерт залдарының сыйымдылығы 20%-дан аспайтын жағдайда қалыпты режимде қызметін жалғастырады. Сонымен қатар облысаралық және қалалық тұрақты емес (туристік) тасымалдар 75% толтырумен, бірақ 15 адамнан асырмай жолаушы тасымалдайды. Одан бөлек, бильярд, PlayStation клубтарын қоса алғанда компьютерлік және боулинг клубтарының толтырылуы 50%-дан артық емес, жұмыс режимі сағат 12:00-ден 00:00-ге дейін сақталады.

Сондай-ақ департамент басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында тұрақты түрде санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері мобильдік топтар арқылы үйлестіру орталықтарына 190 жедел хабарлама түскен. Барлық шұғыл қоңырау бойынша тексерулер ұйымдастырылып, 170 нысанға айыппұл салынған.

Айта кетейік, зерделеу барысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 29,3 пайызының ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталған. Ал қалғаны карантиндік тәртіпті сақтамау салдарынан індетке шалдыққан. Осы орайда Әбдіманап Төлебаев қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.