Bugin

Хангелді Әбжанов: Қазақстанда қуғын-сүргін ғылыми зерттеу институтын ашу керек

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен "Азаматтық алаң. Тар заман: Репрессия құрбандары қаншалықты ақталып жатыр?" тақырыбында онлайн-конференция өтті. Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін арнайы жаңа заң қабылдау қажет екенін, сонымен бірге қуғын-сүргін ғылыми зерттеу институтын ашу керегін айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ғалымның айтуынша, Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың үлкен, бай тәжірбиесі бар.
 

Бұл жұмыс Сталин өлгеннен кейін басталды және күні бүгінге дейін жалғасуда. Арасында үзіліп қалған кездер болды. Алайда 2020 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берді. Президент қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау керектігін айтты. Яғни, кеңестік тоталитарлық жүйенің зардабын шеккен адамдардың бәрі ақталуы тиіс. 1929-1931 жылдары мыңдаған адам атылды, сотталды. Мемлекет басшысының толық ақталу туралы тапсырмасы өте қажет деп ойлаймын,- дейді Хангелді Әбжанов.

 

Сонымен бірге Хангелді Әбжанов бір жылда атқарылған жұмыстарды тізіп берді.

Бір жыл өтті. Қандай шаруа жасалды. Ең бірінші ұйымдастыру жұмысы шешілді. Республикалық комиссия құрылды. Бірнеше ғылыми басқосу өтті. Қазір осы жұмысқа тартылған ғалымдар, мамандар қандай топтарды ақтау керектігін анықтады. Бізде ақталмаған оншақты топ бар. Олар ақталуы керек. Мәселен, соғыс тұтқындары. Олардың бәрі соғыс аяқталған соң сотталды. Негізінен кінәсі жоқтар қамалды. Міне, осы адамдарды ақтау керек. Содан кейін қаптаған лагерлер болды. Қарағандының өзінде 10-ға жуық лагерь болған. Осы жерде мыңдаған бала дүниеге келді. Олар сол тұтқындардың ішінде болды. Олардың не кінәсі бар? Олар да ақталуы керек. Сосын халық жауы деп ұсталған адамның әйелі, балалары үйінен айырылды, тұрып жатқан жерінен қуылды, олар да ақталуы тиіс. Үлкен бір әділетсіздік 1928 жылы орын алды. Мыңға жуық байдың шаруашылығы тәркіленді. Оларды ақтаған ешкім жоқ. Қазір мамандар осы мәселемен айналысып жатыр,- деді ол.

 


Тарих ғылымдарының докторы, профессордың айтуына қарағанда, бізге қазір саяси шешім керек. Жаңа заң қабылдау қажет. Яғни, Қазақстандағы тоталитаризм, Алаш қозғалысы, репрессия, ұжымдастыру туралы арнайы заң болуы шарт.



1992 жылы академик Манаш Қозыбаев бастаған Парламенттік комиссия жұмыс істеп, сол ұжымдастыруға байланысты үлкен құжат дайындаған еді. Кейін ол аяқсыз қалды. Бүгін осы бітпей қалған шаруаны заңмен реттеу керек. Тарихи санамызды қалыптастырып, тарих ғылымының методологиясына көшу қажет. Біз саяси шешімге қатысты жаңа заң болмағандықтан, көсіліп жұмыс істей алмай жатырмыз. Кеңес заманы кезінде партиялық тапсырманың арқасында бір жылда 19 мың қазақстандық ақталса, Тәуелсіз Қазақстанда бір жыл ішінде бір қазақтың ақталмағаны ұят,- дейді Хангелді Әбжанов.

 

Ол сонымен бірге осы шаруаны зерттеп, осыған нысаналы, мақсатты, жүйелі бағыт-бағдар берудің тағы бір міндетін атады.
 


Қазақстанда қуғын-сүргін ғылыми зерттеу институтын ашу керек. Ол Алматы, Нұр-Сұлтанда емес, ол Қарағанды да ашылуы керек. Қарағанды карлактың ошағы. Қарағанды ашаршылықтан ең ауыр жапа шеккен өңір. Орталық Қазақстан ешқайда қаша алмады. Аталған өңірде осы мәселелерді зерттеген ғылыми мектеп бар. Біз 60 жыл бойы қуғын- сүргін мәселесімен айналыстық. Алдағы 60 жылға жететін жұмыс бар,- деді ғалым.