Bugin

Инновациялық жобалар байқауының қорытындысы шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкентте «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі гранттар беру бойынша жобалар байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармасының бизнесті мемлекеттік қолдау бөлімінің басшысы Үсен Исаев мәлім етті.

– Шымкентте «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі гранттар беру бойынша жобалар байқауы өтті. Аталған конкурсқа құжаттар 5–19 сәуір аралығында «Заңғар» бизнес орталығында қабылданды. Ал жалпы 212 жобаның 38-і құжаттар тізіміне сәйкес тексеріліп, 5 жұмыс күні ішінде қайта түзетуге немесе толықтыруға кері қайтарылды. Осы орайда 9 кәсіпкер құжатын толықтырып, қайта тапсырды. Бұл ретте 29-30 сәуір және 4 мамыр аралығында конкурстық комиссияның қарауымен 183 кәсіпкер өз жобасын қорғап шықты. Нәтижесінде, 4 кәсіпкердің жобасы комиссияның оң бағасын алды, – деді Үсен Жақсылықұлы.

Спикердің сөзінше, аталған конкурс барысында грантқа ие болған 4 кәсіпкердің жобасы:

– Үй жағдайындағы стационар ашу (көп балалы ана);
– Ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестерін жаппай аулауға арналған желім тұзақтарын өндіру;
– Қорғалған жерде қияр, бұрыш және баклажан зиянкестеріне қарсы «Amblyseius swirskii» және «Amblyseius californicus» жыртқыш кенелерін өсіру, сату;
– Кәсіпорынды өнеркәсіптік автоматтандыру үшін «Дойыр» контроллерлерінің құрастыру желісін іске қосу.

Бұлардың әрқайсысына 5 млн теңгеден қарастырылған. Ескеретін жайт, грантқа қол жеткізген кәсіпкерлерге мониторинг жүргізіледі. Егер қаржыны мақсатсыз пайдаланса, бюджетке қайтарылады. Баспасөз мәжілісінде комиссия төрайымы Айжан Наимбекова өтінімдерді қарау кезіндегі критерилерге тоқталды.

– Аталған жоба аясындағы байқауда қатысушының бизнес-идеяларының жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі мен қолданысқа енгізуге дайындығы бойынша сараладық. Бір байқағаным – үміткерлердің 80 пайызының бизнес жоспары мардымсыз. Бір-бірін қайталау немесе даму сатысы жоқ. Бұл кемшіліктер байқаудың ІІ кезеңінде қайталанбаса деймін. Яғни, қатысушылар өз бизнесінің жаңашылдығы мен бәсекеге қабілеттілігін мұқият саралауы керек, – деді Айжан Ізбасханқызы. Еске салсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инновациялық жобалар байқауының екінші кезеңі осы жылдың шілде айында өтеді.