Экономика

Алыс жақындады, ескі жаңарды

Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік 100 жаңа автобуспен толығып, 6 жаңа бағыт ашылды. Қоғамдық көліктердің кілтін табыстауға қала әкімі М.Әйтенов қатысып, қызметкерлерге сәттілік тіледі.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау тапсырмасы аясында қалада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан қала басшысы қаладағы қоғамдық көлік биылғы жылы 80 пайызға жаңаратынын атап өтті. 

«Қаламыз халыққа қолайлы болу үшін қоғамдық көлік жүйесін одан әрі дамытамыз. Былтыр 590 жаңа автобус сатып алынып, оның 200 іске қосылған болатын. Міне бүгін қоғамдық көлік тағы жаңа 100 автобуспен толығып отыр. Қалған автобустарды да рет-ретімен іске қосатын боламыз. Сонда қоғамдық көлік 80 пайызға жаңарады. Бұл автобустар газбен жүреді, кондиционері бар, мүмкіншілігі шектеулі азаматтарымызға қолайлы»,-деді қала әкімі.

Сонымен қатар әкім қоғамдық көлік жүргізушілері бірінші кезекте мәдениетті болу керек екендігін атап өтті.

Бүгінге дейін, мегаполисте 71 бағыт болса, енді қосымша 6 бағытқа толығып, қоғамдық көліктердің саны 880 автобусқа жетті. Ендігі жерде жаңа автобустар Самал 3, Ақ жайық, Күншығыс, Хамза, Шымсити, Қайтпас-1, Мөлтек аудандарына жүретін болады.

 

Өткен айда Шымкент қаласында күн сайын 200 автобусқа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін метан газын толтыратын компрессорлық станция іске қосылды. Алдағы уақытта күн сайын 300 автобусқа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін қалада тағы бір компрессорды іске қосу жоспарланған.

Егер де қоғамдық көліктердің кешігуі жүргізушілердің дөрекі сөйлеуі және басқа да қоғамдық көлікке қатысты сауалдарыңыз туындаса @Shymkent «109» бірыңғай байланыс нөміріне хабарласуларыңызға болады.