Ғибратты ғұмыр

Әлем таныған қазақ

Опера және балет театры - қазіргі таңдағы озық үлгіде топжарған өнер ордаларының бірі. Қазақстанның бірқатар қалаларында бұл іс пен халық үйлесім тауып, қарқынды дамып келеді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қалалық опера және балет театрында өз ісінің үздік мамандары жұмыс істейді. Сахналық костюмдерді жоғары деңгейде әзірлеп, қойылымның шырайын келтіріп жүрген жоғары дәрежелі дизайнер Сабира Дәулеталиева жайында әңгімелеп беруді жөн көрдік.

Сабира Оразбекқызы 1979 жылы 23 желтоқсанда  ОҚО, Түлкібас ауданында дүниеге келген. Шымкент қаласында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Өнер» факультетінде «Дизайнер» мамандығы бойынша білім алып, көп ұзамай өзі білім алған оқу орынында «Киім дизайны» кафедрасының оқытушысы қызметінен бастаған.

Үздіксіз ізденістің арқасында 2002 жылы Минскте өткен Этно-Эрато Халықаралық жоғары ұлттық сән шеберлері байқауында І орынды жеңіп алды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Жыл дизайнері» стипендиясымен марапатталған.

Үздік сән шебері 2010 жылдан бастап Шымкент қалалық опера және балет театрының тігін цехының меңгерушісі, костюм-дизайнері, қазіргі таңда «суретші-модельер» қызметін атқарып келеді. Қызметке келген күннен бастап шеберлігінің арқасында аса ауқымды қойылымдар кейіпкерлерінің киімдерін талғаммен, ерекше стильмен әзірлеуге бар күшін салып жүр.

Театрдағы 11 жылдан астам еңбегінде Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу»,  У.Гаджибековтың «Аршын мал алан», Р.Леонковаллоның «Паяцы», Дж Вердидің «Риголетто», А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай», Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны», П.Масканьидің «Сельская честь», М.Төлебаев «Біржан - Сара», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», Ж.Бизенің «Кармен» опералары, С.Ахметова, Р.Шыныкуловтың «Махаббат мұнарасы» мюзиклі  және Р.Салаватовтың «Қарлы ханым», П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик»  балалар балеті, Ф.Легар «Көңілді жесір» оппереттасы, Т. Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсы  костюмдерінің эскизін жасап, сахнаға лайықтап отырды.

2020 жылы Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі болып тіркелген Сабира Оразбекқызы бүгінде театр мақтанышы. Сахна сыртында жүрсе де, қызметі орасан өнер иелерінің бірі болған тұлғамызға зор табыс, шығармашылық шабыт тілейміз.