Ғибратты ғұмыр
Мұғалім болу оңай. Ал ұстаз атану ілуде бір кездесетін асыл қасиет. Сондай қасиеттің иесі, шәкірттері шаршы топта алтыннан алқа тағып жүрген Бақтияр Сәденбаев туралы қысқаша ақпарат
Дене тәрбиесі ерік-жігерді тәрбиелейді. Болашақ ұрпақ денсаулығының мықты болуы және салауатты өмір салтына бет бұруы мектептердегі денешынықтыру пәні мұғалімдеріне де тікелей байланысты. Осынау жауапкершілік жүгін арқалап жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Бақтияр Саденбаев.
Шымкент қаласының № 83 жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі ширек ғасырдан бері білім саласында қызмет етіп келеді. Бақтияр Жүнісбайұлы еңбек жолында балаларды салауатты өмір салтына баулып, олардың спорттық ойындарға деген құштарлығын оята білді. Шәкірттері көптеген республикалық футбол турнирлерінде жүлделі орындарға ие болды. Жуырда өткен «Шымкент жастар лигасында» оқушылары футболдан керемет ойын өрнегін көрсетіп, мектептің абыройын асқақтатты.
Спортқа жаны құштар ұстаз сайыс десе өзінің де делебесі қозып тұрады. Мұғалімдер арасындағы қалалық спорт жарыстарында топ жарып, білім ұясының намысын қорғауда. Сонымен қатар республикалық семинар- конференцияларда озық тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі марапаттарға ие болды. Осыдан бірер жыл бұрын мұғалімдер арасында өткен спорт сайыстарында ең үздік төреші ретінде де танылды.