Саясат
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-мамырдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жария етілді
Ұлттық экономика министрі Әсер Ерғалиев Қазақстан экономикасы оң өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.
Әсет Арманұлының айтуынша, құрылыс секторында жоғары өсім байқалды. Атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,3 пайызға ұлғайған. Бұл ретте Шымкент қаласында құрылыс 15,3 пайызға артқан.
Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша республикада 4,6 млн шаршы метр (12,5 пайызға артты) пайдалануға берілді. Ең жоғарғы өсім Шымкент қаласы, Атырау және Павлодар облыстарына тиесілі.
Шымкент қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 70,9 пайызға артқан.
Ал қаңтар-мамыр айларының қорытындылары бойынша Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіштер бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Яғни, үшінші мегаполисте қайта өңдеу, ауылшаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, сауда, көлік және жеке инвестиция салаларында жоғары өсім бар.
Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерін өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды.