Bugin event
Қазақстанда ауыр қылмыспен ұсталған 50 педофил бостандыққа шығатын болды
Биыл қамау орындарындағы 50 педофил бостандыққа шықты, олар кәмелет жасқа толмағандарды зорлаған. Бүгінде елдегі колонияларда 1 861 педофил жазасын өтеп жатыр, - деп Bugin.kz платформасы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылы кәмелетке толмаған қазақстандықтарға қарсы құқық бұзушылықтар саны өсті. Педофилдердің әрекетінен қаңтардан сәуірге дейін 1 000 бүлдіршін зардап шеккен. Оларды зорлап, азғырып, өзіне қол жұмсауға итермелеген.
"Кейінгі бес жылда елімізде балаларға қатысты 3 893 зорлық дерегі тіркелген. 2016 жылмен салыстырғанда 2020 жылы кәмелетке толмағандарды зорлау 45,8 пайызға өскен. Қылмыстық-атқару органдарының орнына пробация қызметі құрылды, оның негізгі міндеті - сотталған адамды түзеу және қайта тәрбиелеу болған. Бірақ олар әлі бұрынғыдай жұмыс істеп жүр. Бұл істе ресмилік көп", - дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
"Бостандыққа шыққан қылмыскерлерге қатысты заңды қадағалаушы бекітіледі, оған соттың шешімімен бес жыл мен сегіз жыл аралығындағы уақыт беріледі. Олар құқыққорғау органдарының бақылауында болады", - дейді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс басқармасының бастығы Бибігүл Мұңайтпасова.
Биыл бостандыққа шыққан 50 педофилдің қаншауына химиялық кастрация жасалғаны әзірге белгісіз.