Bugin event
Батыс Қазақстан облысында жол апатынан төрт адам көз жұмды
Облыстық полицияның ақпаратынша, жол апаты 1 шілде кешкі тоғыздар шамасында Чапаев – Жаңақала – Сайхин тас жолында болған.
«Тас жолда Lada Granta мен ВАЗ-2107 соқтығысты. Салдарынан төрт адам, соның ішінде жеті жасар бала көз жұмды», – деп нақтылады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізушілердің бірі жолшыбай көлікті басып озамын деп қарсы бетке шығып кеткен. Жол апатының мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Қазіргі таңда бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы – «Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану ережелерін бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.