Білім және ғылым
Бүгін «Daryn Online» республикалық білім беру платформасының ұйымдастыруымен баспасөз конференциясы өтті
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Шараның негізгі мақсаты – онлайн білімнің тиімділігін жұртшылыққа таныта білу. Сонымен қатар оқу процесіндегі жаңа форматтарды жүйелеуге күш жұмсау.
Конференцияда «Daryn Online» білім беру платформасының негізін қалаушы, идея авторы Айбек Қуатбай, жоба кеңесшісі Садық Шерімбек, «Daryn Online» платформасының директоры Асқар Мақсат пандемия кезінде білімнің сапасын жақсарту үшін тың жоспарларды алға тартып, бірқатар мәселелердің түйінін көрсетті.
Конференцияға продюсер, журналист, Ұлттық кеңес мүшесі Асхат Садырбай, белгілі блогер Өркен Кенжебек, «Жас отан» жастар қанаты мен қалалық білім бөлімінің мамандары қатысты.
«Елдің ертеңі – саналы ұрпақ тәрбиелеуде білім беру ісі маңызды екені белгілі. Ал, қазір күллі әлем бетпе-бет келген қашықтан оқыту жүйесі – сіз бен бізді алаңдататын бүгінгі күннің өзекті, өткір мәселесі болып отыр.
Өткен жылдан бастап залалын тигізген пандемия бірқатар мамандықтарды шеттетіп, жаңа үдеріс пен үрдістер қалыптастарды. Мектеп қабырғасындағы жүйелерге оң өзгерістер енді. Осы орайда Daryn Online білім беру платформасы білім көкжиегіне жаңа белесті бағындыруда біраз ықпал жасады. Миллиондаған оқушы мен мыңдаған ұстаздар табиғаттарына таңсық жүйеге аталған платформа арқылы оңай машықтанды» - деді өз сөзінде Daryn Online платформасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай.
Еске сала кетсек, Daryn Online платформасы 2018 жылдан бері онлайн режимде сабақтар түсіріп, қашықтан білім беру ісін дамытып келеді. Сонымен қатар платформада оқушыларды ҰБТ-ға, олимпиадаға дайындау мен мұғалімдерді аттестациядан өтуге даярлау курстары қамтылған. Бұл білім сапасының деңгейін жоғарылатып, өскелең ұрпақтың әлеуетін көтереді.