Bugin event

"Өз балаларымдай көремін" - төрт баланы асырап алған полицей

Әлеуметтік желілерде "тараздық полицей анасынан айрылған төрт баланы асырап алды" деген сурет тараған болатын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.

 Суреттегі полицей - Диляфруз Кенжеханова. Бүгінде ол Жамбыл облыс­тық Поли­ция департаментінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор. Оның айтуынша, бұл расында болған оқиға.

Диляфруз Кенжеханова әкесі жоқ, ал аналары із-түссіз жоғалған бір үйдің төрт баласын 2019 жылы асырап алған. 

"2019 жылы Тараз қаласы Полиция басқармасының ювеналдық полиция қызметінің аға инспекторы лауазымында жұмыс атқарғанмын. Сол жылы тамыз айында 55-мектепте кәмелет жасына толмаған балаларға құжатсыз мектепке алу, барлық құжатын дайындап, көмектесуге бағытталған акция өткен. Шараны әкімдік пен білім бөлімі, қамқоршылар кеңесі мен мектеппен атқарған болатынбыз. Сол кезде бір ата келіп, менен көмек сұрады. Үйіне бардық. Ол үйдегі қиын жағдайды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Балалардың балалар үйіне кетуіне жол бере алмадым. Бірден шешім қабылдауым керек болды", - дейді Диляфруз. 

Диляфруз Кенжеханова әлі күнге дейін балалармен бірге тұрады. Қамқорлығына алған төрт баладан бөлек, өзінің бес баласы бар. 

"Үлкен отбасымыз, алты ұл, үш қыз және атамыз бар. Оның үшеуі студент. Өз балаларым мен қамқорлығыма алған төрт бала жақсы қарым-қатынаста", - дейді Диляфруз Кенжеханова.   

Оның айтуынша, өзінің балалары қамқорлығына алған балаларды бірден жақсы қабылдаған. Тіпті оларды үйге алып келу туралы ұсынысты да өздері тастаған екен. 

Диляфруз Кенжеханова балаларды бөліп-жармайтынын, өз балаларына да, қамқорлығына алған балаларға да бірдей қарайтынын айтады.