Bugin event
Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығына қатысты іс қозғалды
Бұл туралы Bugin.kz платформасы Egemen.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы мен келісімшарт жасаушы ұйым басшылығына қатысты аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Бөлім бастығы ЖШС басшылығынан 666 миллион теңгелік келісімшарттың 15% құрайтын алдын ала келісілген 90 миллион теңгенің 33 500 АҚШ долларын пара ретінде алды деген күдікке ілінді. Ол параны ЖШС-ні мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы деп тану және «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті дамыту мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражат есебінен салынып жатқан объектіде орындалған жұмыс көлемін одан әрі кедергісіз қабылдау үшін алған», делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарламасында.
Департаменттің нақтылауы бойынша, мердігер ұйымның лауазымды адамы, құрылтайшысы және директоры аса ірі көлемде пара алды және пара берді деген күдікпен ұсталып, Алматы облысының уақытша ұстау изоляторларына қамалды.
«Профилактикалық шараны таңдау мәселесі шешілуде. Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүдделеріне қатысты басқа ақпара жария етуге жатпайды», деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.