Bugin event
Шымкент тұрғыны қайтыс болғаннан кейін донор болатындар тізіміне заңсыз енгізілгенін айтып шағымданды
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Абай есімді 30 жастағы тұрғынның айтуынша, жақында оның телефонына SMS-хабарлама келген. Онда ер адамның Шымкент әкімдігіне донор болу туралы өтініш бергені және оны шенеуніктер базаға тіркегені көрсетілген. Ер адам eGov порталына кіріп, жеке кабинетінен қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорға алуға және транспланттауға келісім бергені туралы анықтаманы тауып алған.
"Мен болған оқиғаға қатты таңғалғанымды жасырмаймын. Себебі, мен ешқашан донор болу туралы өтініш берген емеспін. Бұны денсаулық сақтау қызметкерлері жасады деген күдігім бар. Бірақ неге? Тізімнен тез арада шыққым келеді", - деді Абай.
Шымкент әкімдігі 30 жастағы ер адамның қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы өтініші қарастырылып жатқанын айтты.
"Ережеге сәйкес мемлекеттік қызметтер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе SMS паролін қолдану арқылы жүзеге асады. Басқа адам сіздің ЭЦҚ кілтіңіз болмаса, мемлекеттік қызметті орындай алмайды", - деді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.
Шымкент тұрғыны өзінің ЭЦҚ-кілтін ешкімге бермегеніне сенімді. Енді Абай қайтыс болғаннан кейінгі донорлар тізіміне қалай түскенін түсіндіруді талап етеді.