Спорт
Токио Олимпиадасында көптен бері болмаған тарихи оқиғалар тіркеліп жатыр
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Кеше катарлық Мутаз Эсса Баршим Токиода ерлер арасында биікке секіруден алтын медаль иеленді. Бірақ ол ұйымдастырушылардан алтын жүлдені досы италиялық Джанмарко Тамберимен бөлісуді сұраған.
Себебі екі спортшы да 2,37 метрге секірген, жасаған мүмкіндігі де бірдей болған. Нәтижесінде алтын медаль Баршимге де, Тамбериге де берілді.
Жүгіруден ямайкалық спортшылар алдына жан салмайды, Усейн Болттың өзі бірнеше мәрте Олимпиада чемпионы атанып, әлем рекордтарын қойған. 100 метрге жүгіруден Олимпиадада АҚШ, Ямайка және Канада спортшылары үздік.
Сондықтан болар, бұл жарыста еуропалықтар мен азиялықтарға жүлде көп бұйыра бермейді. Бірақ Токиода бұл үрдіске нүкте қойылды. Кеше 100 метрге жүгіруде италиялық Ламонт Джейкобс алтын медаль иеленді. Ол 100 метрді 9,80 секундта жүгіріп өтіп, Еуропа рекордын қойды.
Олимпиада тарихында медаль алып көрмеген елдер бар. Көбіне - шағын мемлекеттер. Солардың бірі - халық саны 33 мыңнан сәл асатын Сан-Марино құрамасы таяуда Олимпиадада алғаш рет жүлде иеленді.
Стендке атудан сынға түскен Алессандра Перилли "трап" жарысында 29 ұпай жинап, қола медаль иеленген. Бұл ел тарихындағы алғашқы жүлде болды. Сондықтан спортшы көз жасына ерік беріп, қола жүлдені алтындай қабылдады.