Сұқбат

Он жасар Қазақстан чемпионы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еркежан Қуанышқызы – Алматы қаласының тумасы. №143 мектеп-лицейінің 4 «В» сынып оқушысы. Небары 10 жастағы Еркежан аз уақыттың ішінде спорт аламанына тізгін жіберіп, көп жетістікке жетіп үлгерді.

Таэквондодан бір дүркін қазақстан чемпионы, бір дүркін күміс жүлдегері. Спортқа деген қызығушылығы мен табандылығы оған мақсатына жету жолында шабыт сыйлап, нәтижесінде жеңімпаз атанды.

«Таэквондо – балалық шағымның құр босқа өтпеуіне себепкер болған спорт. Ата-анамның кеңесімен және жан қалауыммен таэквондоға бет бұрдым. Ең алғаш төрт жасымда гимнастикамен айналыстым, кейін неге таэквондомен айналыспасқа деп екі спортты да қатар алып жүрдім. Бірақ таэквондоға барғаннан кейін, гимнастикаға барғым келмей қалды. Ондағы бапкерім, жаңа достарым, спорт техникасы мені өзіне баурап алды. Осылайша бес жасымда бір кеменің басын ұстауға шешім қабылдадым. Нәтижесі жаман болмады. Тыңғылықты дайындығым, көп жетістікке жетеледі. Спорттағы жеңісімнің ең бірінші себепкері ата-анам деп білемін. Маған бар жағдайды жасап, қажеттілігіммен қамтамасыз етіп, мотивация берді. Сол кісілердің маған артқан үміті, мені әр кез алға жетелеп отырды», - дейді Еркежан.

Спортшы қыз алғашқы жеңісі, спорттағы жарақаты туралы айтып берді. 

«Жарыстарға 2018 жылдан бастап қатысып келемін. Ең алғашқы жарыста финалға дейін жетіп, ұтылып қалдым. Кейін қызу дайындыққа кірістім. Содан 2019 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдым. Еліміздің әр өңірінен келген қарсыластармен даянгқа шығып, айқын басымдықпен бәрін жеңдім. Осылай 6-7 жас 22 келі қыздар арасында Қазақстан Чемпионы болдым. 

Дәл осы сайысқа дайындық кезі маған ауыр болды. Салмағым сай келмегендіктен, бапкерім салмақ қуу туралы тапсырма берді. Салмақ қуу кезеңінде күш басқа мүшеге тарамас үшін артық энергия алатын заттардың бәрінен бас тартуға тура келді. Осылай белімнен төмен шашымды иығыма дейін қысқартып тастадық. Қыз бала үшін бұрымның орыны ерекше ғой, сол кезде ішімде бір қимастық сезім туындады. 

Спорттағы ең алғашқы жарақатым саусақ шығарудан басталды. Таэквондо да аяқ көп рөлге ие болатындықтан, мұндай жарақаттарға жиі ұшыраймын. Ол үйреншікті дүниеге айналған. Біз осылай ғана нағыз чемпион бола аламыз ғой», - дейді күліп.

Кейіпкеріміз спортта да, оқуда да үздік. Бәріне үлгеріп, қатар алып жүрген кішкентай қыздың табандылығының сыры неде? Болашақ Еркежанды қалай елестетеді?

«Бәріне үлгеруге болады. Себебі біздің бір күнімізде жиырма төрт сағат бар. Бұны күнімізді пайдалы өткізуге берілген мүмкіндік деп қабылдап, жасап жатқан ісімізді сүюіміз керек. Мен үшін сабақ – бір төбе, спорт – бір төбе. Екеуінен де үздіктер қатарынан орын тепкенмін. Жаттығуға сабаққа дейін немесе кейін барамын. Күніне 1,5-2 сағатымды жаттығуға арнасам, қалған уақытта оқу-білімге, одан қалса анама қолғабыс етемін. Оқу-жаттығу жиындары болғанда, басқа қалаға жарысқа кеткенде спорт комитеті мектептен арнайы рұқсат алып жібереді. Өткізіп алған сабақтарымды келгеннен кейін, міндетті түрде арнайы уақыт бөліп оқып аламын. 

Болашақ Еркежанды – Олимпиада Чемпионы деп елестетемін. Білім алу мақсатына басқа салаға кетсем де, спорттан, таэквондодан алыстамаймын. Арманым таэквондодан әлем чемпионы, Олимпиада Чемпионы болып, көк туымызды әуеде қалықтатып, Әнұранымызды Олимпиада төрінде әуелеткім келеді», - деп сезімімен бөлісті кейіпкеріміз.

Еркежанға қарап, жауапкершілігі мен мақсатқа жету үшін тайсалмайтын тік мінезі мені жылытты. Мұндай қарқыны бар жеткіншек әлі талай шыңды бағындыратынына сенімім мол. Айқындығы сөз саптауынан байқалатын балақайдың бойындағы бұл қасиеттер, талпынысы бар әр жанның бойынан табылса оны алда талай жетістіктер күтіп тұрады.