Hi-Tech
АҚШ-та Гарвард деген университет бар. Білім соңын қуған азаматтардың талайы сол шаңырақтан шыңдалып шыққан. Америка жұртының бәріне бірдей мүмкіндік бермейтін Гарвардта АҚШ-тың президенттері, технократтар, әлемге жаңалық ашқан небір ақылдылар сол университетте білім ала жүріп әлемдік жолдың есігін ашты. Сол білімнің алып ордасына түскен Марк Цукербергтің студент кезден Гарвард желісінің сайтын бұзып шығуы әлемге Facebook атты жаңа әлеуметтік желінің пайда болуына жетеледі. Жер-жаһанның жас миллиардерлер көшін бастаған Цукербергтің қиялынан шыққан платформа бүгінде сіз бен біздің пікір қалдырып, ой бөлісетін алаңға айналды. Статистикалық есепке көз сүзсек, фейсбукте 350 миллионнан астам адам тіркеліп, желіге байланып қалған. Демек, Марк сөзсіз әлемге жол салған адам ретінде жаһан тарихына енді
Бәрі де балалықтан басталады. Марктың ермегі ойыншық емес, компьютер екенін тіс дәрігері ретінде қызмет еткен ата-анасы мойындаған. 10 жасынан бастап техниканың тілін табуға телмірген Марк келешектің кілті технологияда екенін түсіне келе осы бағытқа жетелейтін кітаптарды кеміреді. Жата-жастана білім алуға ұмтылып, оқушы кезден бағдарламалаудың әдісін ойын арқылы реттегісі келеді. 10-сынып оқып жүргенде-ақ, үстелде ойнайтын ойындардың компьютерлік нұсқасын әзірлейді. Көптің қызығушылығын тудырған ол бағдарлама жасауды әрі қарай жетілдіруге мотивация алады. Нью-Йоркта туған Марк Цукерберг Facebook желісіне дейін талай сынақтардан сыналады.
Компьютерлік ойындарға бағдарлама жасаудан басталған іс-әрекет үлкен платформа болатынын Microsoft компаниясын басқаратын Билл Гейтс байқап, оны компанияда қызмет етуге шақырады. Алайда, жоғары сынып оқып жүрген Марк алпауыт компания ұсынысын қабыл ала қоймайды. Сөйтіп қабілетіне сеніп, Гарвардқа оқуға түседі. Бірақ студент Марк Цукербергтің оқу үлгерімі нашар болған деседі. Бағдарламаға деген ынтызарлық болашақ миллиардердің емтихандардан әлсіреуіне кері әсер етіпті. Дегенмен, сайт әзірлеуге деген шынайы құлшыныс жолындағы ізденісі ұйқысыз күндерге ұласқан.
Қарапайым киім киіп, қатарынан қалмай жүретін студенттің күллі әлем көз тігетін Facebook желісін құру идеясы Марктың ойына қалай келген деген сұрақ тууы мүмкін. Әлбетте, бәрі де қарапайым басталған екен. Халықаралық журналдарға шыққан оқиғаларын аудара келе байқағанымыз мынау. Марк Цукерберг оқыған Гарвард университетінде студенттердің өз фотолары мен суреттерін қалдыратын платформа болған екен. Сол құрылымды аша отырып Марк екі қыздың суретін салыстырмалы түрде әдемілігіне таңдау жасайтын бағдарлама жасап, оны сайтқа орналастырады. Барлық студенттердің қызығушылығын тудырып, әдемі қыздарға таңдау білдірген қолданушылардың көптігінен Гарвард университетінің сайты бұзылып қалады. Мұны білген университет әкімшілігі Марк Цукербергті жазалайды. Бірақ Марк осы арқылы күллі әлемге жаңа бір платформа ойлап табу керектігін түсінеді. Міне, сол жылдың көктемінен кейін өзімен деңгейлес студенттермен бірге "The Facebook" әлеуметтік желісін ашады. Бастапқыда желіні тек университет студенттері қолданыпты.
Жалпы Цукерберг идеясына қатысты мақалалар мол. Бірақ қазақ тіліндегі оқырманға арналған деректер аса көп емес. Дені өмірбаяндық стильдегі мәтіндер. Сондықтан біз өзге тілдің платформасындағы ақпараттарға екпін бердік. Бар болғаны бір аптада өмірге келген Facebook желісі Гарвардтағы студенттердің өмірін қызықты ете берді. Келе-келе тұтас әлем Facebook-ке көз салды.
Цукерберг Facebook-ті жалғыз өзі жазып шықты деу қателік болар. Сол себепті де әлемдік платформаны құруға Эдуардо Сэверин, Дастин Московиц, Эндрю Мак Коллум және Кристофер Хьюз сынды курстастарының еңбегі барын айту парыз.
Марк Цукерберг бейнесіне қарап көпшілік оны Facebook-ті құрған "жирен шашты жас бала" дейді. Facebook-тің құрылымын дамыту үшін Марк ата-анасы оқуға қажет деп тапқан бар қаржыны салады, бірақ жетпейді. Ол оқудан біраз уақыт демалыс алып кетеді. Амалы құрыған Цукерберг селиконды аймаққа аттанып, компьютер құрастырып, бағдарлама жасап жүрген белгілі бизнесмендерден қаржы сұрайды. Кездейсоқ жолда басы түйісе қалған Цукерберг әлемге әйгілі PayPal төлеу жүйесінің тең құрылтайшысы Питер Тилмен тіл табысып, 500 мың доллар инвестиция салуға келісім алады. Сөйтіп жүріп Цукерберг желіні жаңартып, халықты қызықтыра бастайды. Мұны сырттай бақылап отырған миллиардерлер қызығып, бұйра шашты өнертапқыштың идеясы мен бағдарламасын сатып алуға бекінеді. Бірбеткей Марк бәріне де келіспейді. Сол кезде Facebook түрлі жарнамалар жасап, ақшаның астында қалған еді. "Бірақ Цукербергтің ісіне қырын қарағандар оның аяғынан шалып, жүйесінің бұзылуына әрекеттер жасаған" делінеді әлемдік ақпарат құралдарында.
Қысқасы, Марк Цукербергтің "Facebook желісі жабылады, оның сатылымы шектеледі" деген ақпараттар осы күнге дейін таралып кетті. 2004 жылы іске асқан платформа бүгінге дейін әлемнің қарым-қатынас құралына айналды. Марктың тек бағдарлама жасаушы емес, қайырымдылықпен айналысып, түрлі жобалар жасауының өзі бір бөлек әңгіме. Сөз соңында мына бір қызық дерекке назар салсақ. Фейсбуктің аса танымалдылығы соншалық, германиялық бойжеткен Facebook-тегі 15 мың қолданушысын кездейсоқ туған күніне шақырған. Тесса есімді бойжеткен 16 жасқа толуын атамақшы болып, Facebook арқылы өзінің достарына шақыру жіберген. Алайда, ол сайттағы "жекеменшік" мейрам дегенді белгілеуді ұмытып, шақыру бүкіл Facebook қолданушыларына таралып кеткен. Мұны білген қыздың ата-анасы сол күні үйді күзетке алып, полиция мен жекеменшік қауіпсіздік қызметін шақыртқан. Дегенмен, кештің болмайтыны жайлы ел алдында жарияласа да, Тессаның үйіне 1500-нан аса адам келіпті. Олардың көпшілігі ішімдік пен бәліштерін өзімен бірге көтеріп келген. Тіпті кейбірі "Тесса қайда?" деп плакаттарға жазып алған. Бойжеткеннің өзі туған күніне осыншама адам жиналады деп ойламаған. Бұл - әлеуметтік желінің кереметтігі.
Енді өзімізге оралсақ. Facebook-тің идеялар мен пікірлер алаңына айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Тіпті Facebook арқылы ақша тауып, блогер атанып жүргендер де бүгіндері Маркке рақмет айтуы тиіс. Бір мәселеге деген резонанс туғызу үшін де Facebook-тің лентасы жетіп жатыр. Демек, Марк Цукерберг әлемге жол салған адам.