Weekend

Тілші болғым келеді...

Тілші болу үшін не қажет?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Төртінші биліктің тұтқасын ұстаған тілшілер қауымы – қоғамның айнасы, өз дәуірінің үні, сынға ұшырап жүріп те шыңдалатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық иелері.

Осы салада жетістікке жетсем екен деген жастардың бойынан қандай қасиеттер табылуы қажет? Әуелі, журналистің шығармашылық сауатының жоғары болуы шарт. Жазуға машықтанған, өз ойын ұғынықты әрі тапқырлықпен жеткізе білетін журналист өз аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік алады. Қандай да болсын ақпаратты саралап, сараптап, саптап отыру міндеті жүктелген саңлақтарға үнемі ізденісте жүру де маңызды. Ақпарат үнемі өзгеріп, жаңарып отыратындықтан да тілшілер шапшаң қимылдап, ақиқат пен өтіріктің, жаман мен жақсының ара жігін ажырата білуі тиіс. Тарқатып айтар болсақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қоғам тарапынан сенім білдіретіндей болуы керек. Қандай да болмасын ақпарат алған жағдайда оның шынайылығында ешқандай күдік орын алмауы қажет. Тілшілер үшін тақырып өзектілі де маңызды орында. Мәселен, сайлау науқаны жүргізілді деп есептейік. Осы тұста, сіз халықты қызықтыратыны тек кімнің жеңіске жеткендігі емес екенін ескеріп, қандай басымдылықпен немесе артықшылықпен жеңіске жеткендігі және алдағы уақытта қандай шаралар жүзеге асатаны жайында мағұлмат бергеніңіз абзал. Сонымен қатар, уақыт пен аудиторияның талап-тілегін ескеру қажеттігін ұмытпаған жөн. Ескі немесе қайталанған ақпараттар оқырманды тез жалықтырып жібереді. Ал аудитория талап-тілегі туралы айтар болсақ, сіз экономика немесе саясаттағы деректерді спорт журналына ұсына алмайсыз. Сол себепті де, мейілінше өзініңіздің жаныңызға жақын, қызығатын саланы таңдағаныңыз жөн.

Бұрыннан-ақ журналистика - өзі өмір сүріп отырған кезеңді жан-жақты қарастыру деген түсінік қалыптасқаны барша тілшілерге мәлім. Демек, кез келген сөзі жүйелі, сөз саптауы келісті, жан-жақты журналист қандай ортада болмасын өзінің субъективті пікірі, көзқарасы бар, тұшымды тұжырым айтып, ой қорыта алатын дегенге саяды. Дүйім жұртқа өзінің ойын еркін білдіре алатын, көпшілік ортада немесе экран алдында өзін салмақты ұстай білетін журналистерге халықтың да ықыласы ерекше болатыны да айқын.

Журналистикадағы қажетті әрі маңызды термин- факт. Ешбір журналист қолында нақты факт болмай, ақпарат таратуда қауқарсыз. Қазіргі таңда университет қабырғасында жүріп те, ұстаздарымыздан үнемі дәлелмен сөйлеу қажеттігін үйреніп, машықтанып жүрміз. Қарапайым үй тапсырмаларын орындау кезінде де талапшыл келетін оқытушыларымыздың арқасында тапсырманы жауапкершілікпен, ұқыпты, тиянақты орындауға талпынамыз.

Қандай да болмасын салада іскерлік қабілет пен еңбексүйгіштік маңызды екені белгілі. Сол секілді журналистке де бұл қасиеттер жат болмауы тиіс. Осы орайда мен Алматы қаласының тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, «Отандық журналистер қызметіне көңіліңіз толады ма?» деген сауалды қойып көрген едім. Сауалнама нәтижесінде тұрғындардың басым көпшілігі «Ия толады, алайда, әлі де түзететін кемшіліктер бар» деген пікірге тоқталды. Баспасөз беттерінде, көгілдір экран алдында жұмыс жасап жүрген аға-әпкелеріміздің айтуы бойынша: «Отандық журналистика бір орында тоқтап тұрмай, қарқынды даму үстінде. Жаңа технологиялардың пайда болуымен қатар, журналистердің жұмысы біршама жеңілдесе керек. Және БАҚ өкілдері қатары талантты, сауатты, ізденімпаз жастармен толысып жатыр». Болашақ журналист ретінде, менде қазақ журналистикасының әлі де болсын биік шыңдарды бағындырарына сенімім мол.

Бала күнімнен-ақ журналистиканы жаныма жақын тартып, осы мамандыққа қызығушылығым артып тұратын. Содан болса керек, ұстаздарым маған мектептегі іс-шараларды ұйымдастырып, жүргізуді тапсыратын. Іс-шара аяқталған соң қай жерде қателескенімді айтып, түзетіп те отыратын. Үнемі қазақ әдебиеті пәнінен ұйымдастырылған жарыстарға қатысатынмын. Өлең, шығарма жазып та жүретінмін. Ата-анам да тілші боламын десең, пысық әрі тіл табысқыш болуың қажет деп, көпшілік алдында сөйлеуге, өзіңді дұрыс ұстауға үйрететін. Қазір сол кішігірім тәжірбиелердің мен үшін пайдасы болмаса, зияны тиіп жатқан жоқ. Қорытындылай келе, осы саланы таңдап, мықты журналист боламын деуші талапкерлерге айтарым, бастысы талмай еңбек ете біліңіз. Көп оқыңыз. Көп жазыңыз. Іске сәт!