Білім және ғылым
Алматы облысында 2800 оқушы екі апталық карантинге көшірілді.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың мәліметінше, оқу жылы басталғаннан бері Алматы облысында 244 сынып 2 апталық карантинге жіберілген.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Әкім орынбасары: «Әзірге карантинге ешбір мектепті жапқан жоқпыз. Қазір ауру жұқтырған балаларды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп, сыныптарды 2 апталық карантиндік оқыту режиміне көшіріп жатырмыз. Бүгінде 244 сынып 2 апталық карантинге жіберілді. Бұл – 2 800 бала. Жалпы статистиканы айтсақ, бізде 22 400 сынып бар. Бүгінде соның ішінде 244 сынып жабылды. Бүкіл сыныптардың 1 пайызы ғана деген сөз. Жалпы облыс бойынша 442 мың оқушы бар. Сонда сыныптардың бір пайызы ғана карантинде», - деді.
Оған қоса, балабақшада да ауру жұқтырғандардың бар екені айтылды. Осыған қатысты, облыс әкімінің орынбасары: «1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиеленушілері арасында вирус жұқтырудың 18 жағдайы, оқушылар арасында 209 жағдай тіркелді. Қалалар мен аудандардың бас санитар дәрігерлері індеттің таралуын болдырмау үшін сыныптарды карантинге жіберу туралы 176 қаулы шығарды. Педагогтер арасында ауру жұқтырудың 47 жағдайы тіркелді», - деп айтып өтті.