Bugin

«Сбер» мен eGov: Меморандум мәтіні жарияланды

Қоғам назарына ілініп, қызу талқыға түскен Қазақстан үкіметі мен ресейлік Сбер қол қойған меморандум мәтіні жарияланды. 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы». Бұл меморандумның толық атауы.

Құжатта Қазақстан үкіметі цифрлық трансформацияға және цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүдделі екені жазылған. Сонымен бірге СБЕР компаниялар тобына әріптес ретінде «BTS Digital» ЖШС компаниясы таңдалған.

«Цифрлық платформалық шешімдерді құруға арналған технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар СБЕР компаниялар тобы стратегиялық әріптес ретінде қазақстандық бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші – «BTS Digital» ЖШС («СБЕР компаниялар тобының стратегиялық әріптесі») анықталды», – делінген құжатта.

Айта кетейік, «BTS Digital» ЖШС – ERG тобының еншілес компаниясы. ERG-де Қазақстан үкіметінің 40% үлесі бар. BTS Digital компаниясы қазақстандықтарға Aitu экожүйесі арқылы танымал. Экожүйе қоғам өміріне, бизнес жүргізуге және мемлекеттік басқаруға арналған жобаларды ұсынады.

Меморандум аясында Қазақстан үкіметі 2022 жылдың бірінші тоқсанында GovTech цифрлық платформасын енгізу үшін негізгі параметрлерді әзірлеп, GovTech платформасының мақсатты архитектурасын, соның ішінде техникалық тапсырманы әзірлейді.

Мемлекеттің кепілдігімен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «Сбербанктен» ЖАҚ несие алмақшы. Құжатта несиені «Қарыз туралы келісім» деп атаған. Несиенің қанша пайызбен берілетіні көрсетілмеген.

«Несие «Сбербанк» ЖАҚ тарапына барлық қажетті құжаттар уақтылы ұсынылған жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін 500 миллион АҚШ долларына дейінгі мөлшерінде біріледі», – делінген меморандумда.