Bugin
Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында Ұлттық халық санағын жүргізу науқаны басталды.
Халқы тығыз орналасқандықтан Әл-Фараби ауданына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Тұрғындардың ұлттық санаққа деген белсенділігін арттыру мақсатында аудан аумағында дыбыстық хабарлама ұйымдастырылды. Арнайы көлік дабыл дыбысымен азаматтарды санақтан өтуге шақырды.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Қазір Ұлттық санақтың екінші кезеңіне сәйкес азаматтар онлайн форматта санақтан өтіп жатыр. Қала тұрғындары 1 қыркүйектен 15 қазанға дейінгі аралықта арнайы https://sanaq.gov.kz/ сайтына кіріп, сауалнамаға жауап беру арқылы санақтан онлайн режимде өте алады. Сайт тәулік бойы жұмыс істейді. Респондент санаққа қатысуы үшін өзіне ыңғайлы уақытты таңдауына болады. Сондай-ақ сайтта бланк толтыруды тоқтатып, кейіннен жалғастыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Онлайн санаққа қатыса алмағандар 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сұрақтарына жауап бере алады. Бұл кезеңнің жаңалығы – интервьюерлер үй аралау кезінде электронды планшет қолданады.
Бүгінде Әл-Фараби ауданындағы нысандарды толық қамту үшін 29 учаскеге бөлініп, 265 нұсқаушы-бақылаушы және 186 интервьюер жұмыс атқаруда.