Bugin

Балалар әдебиеті қайта жаңғырды: «Orda ертегі» кітабының тұсаукесері өтті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

22.09.2021 күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «OrdaGen» әлеуметтік-танымдық жобасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған «Orda ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға «OrdaGen» жобасының негізін қалаушы, идея авторы Айбек Қуатбай, жоба директоры Парасат Танен, Алматы қалалық мәдениет және білім басқарма басшылары және балалар әдебиетінің жанашырлары қатысты.

OrdaGen жобасының мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыздар мен ертегілер арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру.

Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында 1000-ға жуық заманауи ертегілер жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалды. Үш түрлі тақырыпта қысқаметрлі мультфильм түсіріліп, «OrdaGen» мобильді қосымшасы бүлдіршіндерге тегін пайдалануға берген.

«Соңғы 30 жылда Қазақстандағы балалар аудиториясы үшін өзіміздің ана тілімізде жарық көрген тың дүниелер аз. Ал нарыққа шыққан контенттің басым көпшілігі – батыс өнімдері. Осы мәселеге тамшыдай болсын үлесімізді қосу үшін «Ордаген» жобасын жүзеге асырдық. Біз мұнымен тоқтамаймыз. Алдағы уақытта бүлдіршіндерімізге Ордагеннің танымды дүниелерін ұсынып, ұлт үшін қызмет ете береміз. OrdaGen – 30-ға аяқ басқан азаматтардың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасаған сыйлығы», - дейді OrdaGen жобасының директоры Парасат Тәнен өз сөзінде.

Жаңа оқу жылының қарсаңында “Ordagen” компаниясының қолдауымен Елтану экспедициясы өз сапарын бастаған. Экспедиция мақсаты – Қазақстанның әр өңірін, шалғайдағы ауыл-аймақтарды аралап, кітапсүйер балаларға сый үлестіру. Бала болашағына азық болар танымдық, рухани тренинг өткізу. Бұл сапарға Ордаген жобасының да қосқан үлесі зор. Экспедиция құрамындағы жігіттер әр өңірдегі талантты ұл-қыздарға Ордагеннің ертегі кітаптары мен Дарын онлайн республикалық білім беру платформасының дайындық курстарын сыйға тартқан. Нұр - сұлтан қаласынан бастау алған сапар бүгінге дейін Қарағанды, Павлодар, Семей, Өскемен, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы ауыл-аймақтарды аралап үлгерді.

«Ел президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың 2021 жылды «Балалар әдебиеті» жылы деп жариялауы бала тәрбиесіне аса зор көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетуде. Президент жарлығын негізге ала отырып, Bugin холдинг қолдауымен Orda Joly білім экспедициясы өз сапарын бастады. Мақсатымыз – Қазақстанның әр өңірін аралап, көзінде шырағы бар өрендерді қолдау», - деді өз сөзінде Ordagen жобасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай.