Білім және ғылым
Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында республикалық «Үздік педагог-2021» байқауында шымкенттік үш ұстаз жеңімпаз атанды. Қостанай қаласында өткен салтанатты жиында ҚР Білім және ғылым министрі Асқар Аймағанбетов үздіктерді марапаттап, кәсіби мерекемен құттықтады.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткізілген байқаудың жеңімпаздарына «Үздік педагог» төсбелгісі мен қаржылай сыйақы табысталды.
Жыл сайын ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылатын байқауға еліміз бойынша 173 мұғалім қатысса, оның ішінде 21 педагог Шымкент қаласынан қатысты. Республикалық кезеңде бақ сынаған ұстаздар сайыстың қалалық кезеңінде 75 мұғалім ішінен топ жарған.
Республикалық ақтық сында олардың үшеуі үздік атанды. Олар №122 «Ақжар» мектебінің тарих пәні мұғалімі – Шолпан Бегманова, М.Х.Дулати атындағы мамандандырылған №8 гимназияның математика пәні мұғалімі – Татьяна Харченко, №1 дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернатының биология пәні мұғалімі – Асел Турышова.
Конкурс – «Педагог мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, педагогтардың іс-тәжірибесін насихаттау, мұғалімнің қоғамдық негізгі бейнесін қалыптастыру, қала мұғалімдерінің белсенділігін, дербестігін, креативтігін, шығармашылық ізденістігін көтеру, нәтижеге бағытталған тиімді технология мен оқыту әдістерін іздеуге бағытталған.
Жеңімпаздарды анықтауда қатысушылардың кәсіби қызметтегі жетістіктері мен өз өңіріндегі білім беруді дамытуға қосқан үлесі, оқушыларының жетістіктері және білім беру ісіндегі соңғы технологияларды қолдануы ескерілді.
Ал қалада үздік болған 21 ұстазға жергілікті бюджеттен 300 АЕК көлемінде сыйақы табысталады.