Weekend

Сіз білетін қазақ қызы қандай?

Қыз бала – ұлттың ұяты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиетін - тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел - ана.

Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева "Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек" деген пікір айтқан. Сол тәрізді ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық.

Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс. Қызды "жат жұрттық" деп қадірлеп, төрінен түсірмеген. Басқа үйдің отын жағып, түтінін түзу ұшыратын боласың, барған жеріңде шешесі үйретпепті демесін деп анасы қызына бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіруге тырысады. Әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан, одан соң мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз. Сондықтан да, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол − үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс.

Қыз бала үйден шыққанда тап-таза киініп, шашын таранып,әсем күлкісімен айналаға нұрын шашып жүруімен қатар сабағын да жақсы оқиды. Қыз баланы тәрбиелей отырып, отбасындағы ожан кейінгі ұлдарға үлгі етеміз, яғни бұл жерде ұлт тәрбиелеу − бұл қазақтың ежелден келе жатқан философиялық даналығы деп білемін. Ұлтымыз қазақ деп ұрандағанда сол ұлтымыздың діні, тілі, тарихы, салт-санасы ойымызға оралады. Ұлттың тыныс-тіршілігі де осы баланы отбасынан бастап(бесіктен) дұрыс тәлім-тәрбие беріп, түзу жолға қоюдан анық байқалады.

Қыз баланың ары мен абы­ройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбие­лесең – бір ұрпақты тәрбиеле­генің» деген дана сөз бар. Әубәкір сынды үлкен ақын «Қыз бала – үйдің бояуы» деген екен. Сол кісінің айтқанындай қыз – әлемнің көркі әрі ұрпақ көбей­туші. Қыз баланың тәр­бие­сін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астасты­ратын ха­лық­тық қағиданы бүгінгі таңда біз де қалтқысыз ұстануы­мыз қажет. Оның болмысын биік­тететін, тұлғалық ерек­ше­лік­терін айқындайтын тәрбие мен ұлттық құндылықтарды айтар едім. Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол – ең қасиетті де, құрметті сөз. Қасиетті болатыны – бүкіл адамзат әйелден та­райды: қыз келін болады, анаға айналады, одан кейін әже деген зор дәрежеге жетеді.Осы ар­қылы ұрпақ өсіріп, ұлт қата­рын көбейтеді.

Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. «Ағайын тату болса- ат көп, абысын тату болса-ас көп»,-деген ұлағатты сөз осыдан туса керек.

Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.

Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып еркін өсірген.

«Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта.Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ жақтырады. Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек.

Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады. Білген білімін аямайды. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады. Әрине, бұрын отбасылардың бәрі бірдей білімді болған жоқ. Өнерден құралақандары да көп болған. Ғылымға қол жетпейтін еді.

Қазақ қыздары ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбиемен өсті. Олардың отбасынан алған бар тәрбиесі жақсы келін болу ғана еді. Одан өзге ешқандай мамандықтары болған жоқ. Жан-жақты білім беретін, әртүрлі мамандықтарға үйрететін, өз бойындағы өнерін өрістететін мемлекеттік тәрбие алуға қазақ қыздарының қолы XX ғасырдың орта кезінде ғана жетті. 1944 жылы Алматыда қазақ қыздарына арналған Мемлекеттік педагогикалық институт ашылған. Бұл институт өз қыздарын жақсы келін болуға ғана емес, әр саладағы жақсы мамандар болуға тәрбиеледі. 

Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат-дамыған елу елдің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Уақыт талабы-жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет еткендей. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықты заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер-бойыңды»-деп, Абай атамыз айтқандай мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар. Осы орайда-болашақ сүйікті жар, ардақты ана-қыз баланың алар орны ерекше.