Weekend

Батыстан келді, қазаққа енді: бизнес-тренингтің дәурені жүріп тұр

Ақша табудың сан тарап жолы бар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақша табудың сан тарап жолы бар. Бірақ нарық дегелі ақыл-ой, дәулетті адамдардың өмірін өнеге ететін бизнес-тренингтердің дәурені жүріп тұр қазір. Жетістікке жетелейміз, мақсатыңды айқындаймыз, кедергіңді еңсереміз деген жарнамалы сөздер бүгінгі қазақ аудиториясын бизнеске бұрды. Батыстан енген, қазаққа келген тренингтердің бәрі бірдей алдына келген адамды бизнес шыңына шығарады деп айта алмайсың. Десе де, өмірден өз орнымды табамын, жеке өзіме ғана қызмет етемін деген азаматтар тренингтің табалдырығын тоздырып жүр. 

Ақыл-ойды таразы­лаудың шыңына шық­қан, шешен сөйлеп,    ше­бер айтатын батыс мәдениетінде бұрыннан бар бизнес-тренингтерге аудитория толтыру қиын емес. Еуропа жұртына сіңісті бұл мотивациялық дәрістерден шыңдалған әйгілі мотиваторлар да қалыптасып қойды. Сол ғаламды жайлаған тре­нингтерді енді қазақ азаматтары да еңсеріп алды. Бизнес ашып, қа­телікке бой ұрған кәсіп­керлер, өмірден өз жо­лын тапқан іскер әйелдер жарнама арқылы ауди­тория жинап, бай болу­дың құпиясын ашуға қызықтырады. Қуаныш Шонбай, Қайрат Құдай­берген, Ахметбек Нұрсила, Аманжол Рысмендиевтердің семи­нарына жиылатын халықтың қарасы көп. Бұл бизнес тренерлер ғана. Ал, үйде бала бағып, бесік тербетіп отырған не жұмыссыз жүрген әйелдер Құралай ханым, Санди Бексырға, Жанар Байсемізова, Эльвира Ерғалина сын­ды мотиваторларға мән береді.

Тізбектеген тренерлердің бәрі бірдей ақша табудың амалына құнығып алған дей алмаймыз. Өз бизнесін нөлден бастап, миллионерлер атан­ғандары да бар. Білгенімен бөлісіп, онлайн дәріс оқып жүргендері де қаншама. Десе де, бизнес тренингтерге баратын жұрттың пікірі екіге жарылған. Бірі өз-өзіңді жеңе отырып, бизнестің төте жолдарын меңгере аласың десе, ендігі бірі тренингтер құр психологияға негізделген, нақты механизмдер айтылмайтын, уақытты бос­қа өткізудің амалы деп түсінеді. Біз де пікірлер алуандылығын ескере отырып, нақты көзқарас иелерін іздеп, сауал тастадық. "Мотивация не үшін керек?", "Бизнес-тренинг­тердің берері бар ма?" деген сауалдарды  қойдық.

Тренингтен тек мотивация алып қайту жаңсақ пікір. Себебі мотивацияны жетілдірудің жолы 2-3 сағаттап лекция оқыған тренерге тіреліп тұрған жоқ. Бұл белгілі кәсіпкер Қуаныш Шонбайдың ойы­мен үндеседі.

- Ақыл-кеңес сұрайтын, тренингке қатысатын адамдардың көпшілігі "мотивация үшін келдім" дейді. Интернет кеңістігін­де мотивациялық видеолар мен мақалалардың, дүкен сөрелерінде мотивациялық кітаптардың толып тұрғанына қарамастан, халыққа мотивация жетпейді. Себебі, мотивацияның жарамдылық мерзімі - үш-ақ күн.

Мотивацияның чемпионы - Брайн Тресидің тренингінің құны 960 мың теңге. Сол тренингке қа­тысқан жігіттерді білемін, олар үш күннен кейін-ақ сөніп қалды. Мотивация - құрал, оны мақсатқа айналдыруға болмайды,- дейді Қуаныш Шонбай.

Ресторатор Қуаныш Шонбай батыс елдерінің тәжірибесі біздің қазақы менталитетке толық сіңе алмайды дегенді ашық ай­тады. Дегенмен де бү­гінде батыс елдерінің кі­таптары сауда сөрелерінен түспейді, оқылымы да жоғары.

- Батыс моделіндегі кітаптардың көбі мотивация беру үшін жарамды екені күмәнсіз, бірақ ме­нің түсінгенім, қазақтар­ға, әр қадамның жазыл­ғаны, неден кейін нені жасайтыны белгіленіп, ай­тылғаны жағады. "Бі­рін­шіден, компанияның атын ойластыр, екіншіден, салаңды таңда, үшін­шіден, нарықты зертте" дегендей. Сондықтан да жылдар бойы өзім қолданған, өзіміздің менталитетке сай жеңіске жетудің "қазақша" моделін ойластырдым. Ұзақ жыл бойы өзімді дамыту, минустарыммен күресу, армандау, тағы да басқа барьерлер мен дайындықтар арқылы өтіп, қазіргі күні жеңіс жолында келемін,- дейді Қуаныш Шонбай.

Енді сан түрлі пікір­лерді топтастырсақ.

Гүлназ Әбдірайханова: заман талабына сай дамығың келеді. Оның үс­тіне, бала-шағаның ертеңін ойлағаннан кейін жеке кәсіп ашу туралы ой­ға тоқталдым. Бұрыннан бет әлпетін әрлеу вижазист болуды қалайтынмын. Мақсатыма жеттім. Жолдасымның қолдауымен же­ке кәсіп аштым. Оған жетудің жолында түрлі семинар-тренингтерге бардым. Тіпті қалада болатын кездесулердің бірде-бі­реуі­нен қалмадым. Ал, бизнес кітаптардың берері өте көп. Жасырмаймын, кі­тапты көп парақтамайтынмын. Келе-келе бизнес мотиваторлардың кеңестері жазылған бетселлерді оқитын болдым. Түсіне біл­­генге, кітаптардан да, жүзбе-жүз жүздесетін тренингтерден де пайда көп. Ал, оны іске асыру үшін ниет керек. Сондықтан ар­мандай білу қажет. Арман дегеннің өзі тегін емес пе?

Айнұр Кенбекова, (аты-жөні өзгертіліп алынды): Бір күні бастығымыз барлық қызметкерлерді жинап, "Бизнес семинарға қатысасыңдар" деді. Қуа­нып қалдық. Алайда 5 мың теңгеден жинауымыз керек екенін естігенде әл­гіндегі қуаныш су сепкендей басылды. Бастық мін­деттеген соң бармай қалу­ға болмайды. Айтылған жерге бардық. Семинарға ұзын-ырғасы 50-ге жуық адам жиналыпты. Қатысушылардың әрқайсысынан 5000 теңге, алдыңғы қатардағылардан 10 мың теңгені қағып алса, онда мына биз­нес-тренер кемінде 250 мың теңге табатын болып тұрғаны ғой. "Соншалықты не айтады екен?" деп, сыни көзбен зейін қойып тыңдай бастадым. 3 сағат­қа созылған семинарда іліп алар ештеңе айтылмады. Естігеніміздің бәрі - бұрыннан құлаққа сіңген дүниелер. Бір жаңалық ай­тар деп соңына дейін мұқият тыңдадым. 3 сағатта мен білетін, жалпы көп­шілік білетін нәрселер айтылды: Бизнес бастау үшін кәсіпкер ештеңеден қо­рық­пау керек. Қиыншылықтарға қарамай алған беттен таймау керек. Тек еңбек ету керек. Барғаныма өкіндім.

Ілияс  Көбенов:

Ақылды адамдармен кездесіп, энергия жинап, білім алғанды жақсы көре­мін. Себебі олар нақты практиктер. Олардың шығарған кітаптары сондықтан да оқылымды. Кәсіп­керлер сан түрлі кедергілерден өтеді, қия басады, қателікке ұрынады. Қайта тұрып, бизнесін жалғайды. Міне, нақты практикадағы жағдайларды жазып, өзі­нен кейінгілерді жігерлендіреді. Мен сол бизнес кі­таптарды оқимын. Қуаныш Шонбай, Нассим Талиб, Оскар Хартманн сынды мықты мотиваторларды іздеп жүріп оқимын.

Гүлфайрус Уәлиахмет: Шетелдің психологиялық кітаптарынан авторларынан бәрімізге белгілі, әлдеқашан оқыған нәрсені айтып жүр қай-қайсысы да. Былайша айтқанда, қазақша "пересказ". Өзгелерден айырмашылығы - пысықтықтарында.

Ербол Айтмағанбетов: Бұған дейін тренингтерге қатысқан емеспін. Жақында ғана Қуаныш Шонбайдың кездесуіне арнайы бардым. Себебі оның бизнестегі қағидасы менің принциптеріме сай келеді. Жігер аламын, әрі мақсатымды анықтаймын. Меніңше, тренингтерге кеткен ақшаны бекерге кетті дей алмаймын. Себебі біз жоғары оқу орнына кеткен миллион теңгеден өзіне қажетті білімді нақты өмір­де пайдалана алмайсың. Ал, бизнес сабақтарына ке­лешегіне керек кеңесті аласың. Осы ойларды саралай келе, жарнама агент­­тігін аштым. Енді кәсіпкерден түйген ойларды, идеяларды іске асыруға асықпын.

P.S. Адам санасы жаңа дүниені қабылдауға қабілетті. Дегенмен, кәсіп ашу, бизнесмен болу екінің біріне беріле бермейді. Ізденіс, мотивация, құнды кітаптардың бәрі де жекеленген дамуға темір­қазық болары анық. Әйткенмен, құр мотивация, жалынды сөз, еңсені көтеретін мысалдар біреуге екінші тынысын ашуға септессе, ендігі біреуінің қаржыдан қағылуына жол ашады. Мәселе мотивация­мен шешілсе, кәсіп бастау бизнесмендер айтқандай қиын болмас еді. Білім мен талаптың қаншалықты қажет екенін жете түсінгенде ғана істің берекесі кіреді. Ал, оған адал ниет қана керек.

А.ҚАРАКЕСЕК