Экономика
Ал сіз қай банкті қолданасыз?
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comЖақында әлеуметтік желі арқылы банк қызметтеріне қатысты сауалнама жүргіздім. Ел қызметін тұрақты пайдаланатын 5 танымал банкті таңдап, пікір сұрадық. "Халық" банкінен басталған тізім "Форте", "Каспий", "Сбербанк" банкілерімен жалғасып, "Хоум кредит" банкімен аяқталды. Әрине, әр банктің өз тұтынушысы бар. Мақсат банктерді жарнамалау емес. Елдің пікірін тыңдау, назы болса, сынына құлақ түру. Айтқандай ақ, әлеуметтік желіге салған сауалнаманың аз уақыт ішінде пікірлер есе кетті.
Халықтың сан түрлі ойлары банктердің қызметтеріне де әсер етеді. Себебі бұрындары қарыз алып, енді соны қайтаруға асық ағайынның жағдайын сұрайтын банктерге де тұрғындардың айтары аз болмады. Таңдау таразысына түскен банктердің ішінде "Каспийге" көңіл бөлгендердің қатары қалың болды. 100-ге жуық пікірдің арасында әрбір банктің қызметіне тоқталғандар да табылды.
"Заттай алғанға "Каспий", ақшалай алғанға "Форте", депозит сақтағанға "Халық", шетел асып қыдырғанға "Сбербанк" банктері тиімді" деп пікір қосты Баубек Ержан есімді желі қолданушы. Ал, инстаграм желісінің қолданушысы Гүлмира Нұрмаханова "Каспийдің" қызметіне көңілі толатынын ашып айтыпты.
- "Каспий" банк қай жағынан да тиімді әрі ыңғайлы. Терминалдары көптеген дүкендерде орналасқан. Ақшаңды шешіп алу үшін банкомат іздеп әуре болмайсың. Кез келген банктен алуға мүмкіндік бар, комиссия ұсталмайды. Мобильдік қосымша арқылы барлық коммуналдық төлемдерді үйде отырып жасай бересің,- деп ой қосты.
Пікірлер сан түрлі. Банктердің бір-бірінен қызметі асып тұрған шақта бірқатар банктердің бірігіп, тек бір банк арқылы реттеуге көшті. "Казком" мен "Халық" банктерінің бірлесуін айтып отырмыз. Желіде жазба қалдырғандардың бірінде осы қызметтердің сапасын сын тезіне салғандар да табылып қалды.
- "Халық" банкі мен "Казком" қосылғалы бері "Казкомда" қолжетімді цифрлы технологияларымыз ғайып болды. Хабарлассаң, бітпейтін техникалық ақаулар. Оның қасында "Каспий" жақсы. Сұрағаныңды береді, пайызы жоғары болса да. Үйден шықпай, интернет арқылы тапсырысыңды да қабылдап отыр. Сосын "сіз үшін тағы не істей аламыз?" деп сұрақ қояды. Тағы дамытуға арналған бірдеңелер ойлап тауып, ұсынсаң, оны да іске қосып қоятын түрі бар. Мінілген көлікке дейін рәсімдеп беріп жатыр. Одан артық не керек?
Айтпақшы, басқа банктердің көбі долговой центрға сыртыңнан сатып жібереді. Ал, "Каспий" сыртыңнан рефинансирование жасайды, туысыңа ызбандайды, әйтеуір тырбаңдайды, түбі төлеп бітесің. Сонысы жақсы. Басқа банктер саған "сені коллекторскийге сатып жібердік" деп айтпайды да, кейін әлдекімдер хабарласады, сосын қайда екені белгісіз әйтеуір бір шотқа төлеп жүресін" деген пікір қалдырды журналист Дәулет Қырдан.
Несие алып, оны кестеге сай төлеп келген тұтынушылар да банктердің қызмет сапасына өз уәждерін де желі арқылы жазып қалдыруда.
- "Халық" банкінен көңілім қалды. Несиені уақытынан бұрын жапсаң, пайызы алынбайды. Ал, ақша беру үшін мың сан есік тоздырасың. Төлеуің де проблема.
"ХоумКредит" банкі ерте жапсаң, пайызы қысқармайды, ал "Форте" банк қалтаңа бір түссе түбіне жетіп бір-ақ тоқтайды. Есесіне, "Каспий" банкіне кез келген жерде төлейсің, қосымшасы да жеңіл, ыңғайлы,- дейді Еркеқыз Кенжетай.
Банк - өз алдына қаржылық ұйым. Несие шарттарын өздері бекітетін банктердің арасында халық көрші Ресейдің "Сбербанк" банкісінің қызметтері қолжетімді деген де ойларға салмақ салды. Сонымен, 5 күнге жалғасқан сауалнамада дауыстың басым бөлігін алып, тізімнің төріне "Каспий" шықты: 69 пайыз. Халық лайық деп тапқан, 22 пайызды межелеген "Сбербанк" екінші орыннан көрінді. Ал, "Халық" банкі 7 пайызбен үздік үштікке жармасты. Тауар алуға тиімді банк деп есептейтін халық төртінші орынға "Хоум Кредит" банкін лайық деп таныды. "Форте" банкіне таңдау да, пікір де қалдырылмады. Дегенмен, бұл аталған банктің тұтынушылары аз деген сөз емес.
Желіге жүктелген пікірлерден аңғарғанымыз, халықтың пікірлері бір-бірлерімен үндесіп жатты. Сервисі мен қызметіне, пайыздық төлемдері мен бонустарына қызыққан халық "Каспий" банкін бірінші банкке бағалап отыр. Демек, халық таңдауының нәтижесі алдағы күндері банктердің басшыларын ойландырып, қызмет сапасы мен шарттарды қайта қарап шығуға жетелейді деген сенім бар.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61