Bugin
Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңымен жекелеген халық санаттары заңгерлік көмекті тегін алуға құқылы тұлғалар ретінде білгіленген. Ақысыз құқықтық қызметтер кешенді әлеуметтік заң көмегі түрінде немесе мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында көрсетілуі мүмкін.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі ерікті түрде өтеусіз заң көмегін көрсету шартына сәйкес:
Кешенді әлеуметтік заң көмегі дегеніміз – клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыру.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін адвокаттар және тиісті палаталардың мүшесі болып табылатын заң кеңесшілер ұсына алады.
Ал, мемлекет кепілдік берген заң көмегін әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түрінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен адвокаттар көрсетеді.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға да адвокаттар тарапынан көрсетілуі мүмкін. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
Бұл ретте, тұлғаларға мемлекет кепіл берген заң көмегін көрсеткен соң, адвокаттар өз қызметіне ақыны республикалық бюджеттен алады. Атап айтқанда, 2020 жылы азаматтарға аталған тәртіппен құқықтық көмекті көрсеткен Шымкент қаласының адвокаттарына 63 млн.теңге төленсе, 2021 жылға осы мақсаттарға бюджеттен 100 млн.теңге бөлінді.
Айта кету керек, келесі жылдары мемлекеттен осы мақсаттарға бөлінеті қаржы көлемі арта түсетін болады.