Bugin

Кәсіпкер: Елдің сыртқы қарызын Үшкемпіров ағамыз айтқан ұсыныспен жауып тастауға болады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Қуырдақтың көкесі» деген кезде елең етпейтін оқырман жоқ. Қазақтың ұлттық дәмін тірілтіп, ерекше стилде мейрамхана ашқан студент жігіт Еркебұланды бірі білсе, бірі білмес.

100-ге тарта кәсіпкердің кәсібін бір жүйеге келтіріп, BePro деп аталатын холдинг құрып, америкадан алып келген кәсіпті жүйелеу жобасымен айналысып жүрген, сол кездегі студент, қазір кәсіптің қыр-сырын меңгерген Еркебұлан Мәкеновпен сұхбаттасудың сәті түсті.

Еркебұлан Мәкенов кім?

Кәсіпті жүйелеу бойынша маман. Кәсіпкер.

Кәсіпті жүйелеу деген не? Ол не үшін керек?

Кәсіпті жүйелеу – кәсіпкер стратегиялық басқаруға өтіп, кәсіптің операциялық басқаруы кәсіпкерсіз, оның командасымен бірге, бір сапалы өнімді жасап шығып, сол өнімнің біркелкі нарыққа шығып тұра алуы.

Кәсіпті жүйелеу кәсіпті кеңейту үшін керек. Кез келген жас кәсіпкер өзінің кәсібін кеңейтіп, үлкен нарыққа шыққысы келеді. Бұл жерде ең негізгі ресурс – өнім. Сапалы өнімді ғана кеңейтуге болады. Сапасыз өнім клиенттің қолына жеткен кезде, сол тараптан кері байланыс негативке толы болады да, компания сол жерде сөнеді.

Сапалы өнімді қалыптастыру үшін кәсіпкер жұмыс істейді. Ал оны сол қалпында сапалы қылып ұстап тұратын команда.

Еркебұлан Мәкенов – кәсібі бар, сапалы өнімі бар кәсіпкерге немесе компанияға команданы қалай жинауды, нақты жүйелеу жұмыстарын оқытып, үйрететін маман және кәсіпкер.

Бізбен жұмыс істеген компанияларда команданың 30 % қысқарады немесе кетеді.

Біз кәсіпті жүйелеу барысында команданың жұмысына араласпаймыз. Тек кәсіпкердің өзімен жұмыс істейміз. Кәсіпкерге ұсынған құралдарымыз оның өзіне шешім қабылдауға тікелей әсер етеді. Команданы ауыстыру немесе ауыстырмау үшін біз ұсынған құралдарды нақты әрі дұрыс пайдалану керек. Жұмыс барысында үлкен командасы бар компаниялардың 30% қызметкері қысқарады немесе кетеді.

Кәсіпті жүйелеуші маман болғанға дейін кәсіпкердің өзі болдым.

17 жасымда ақшаның қажеттілігінен мейрамханаға даяшы болып жұмысқа кірдім. Бірінші жұмыс орнымда тәжірибе жинау мақсатында 80 000 теңгеге келістім. Сол жерден үйренгеннен кейін, қаладағы ең көп айлық беретін мейрамхананы іздей бастадым. Сөйтіп бір ресейлік мейрамхананы таптым. 2012 жылдары ол жердегі даяшылар 300 мың теңге жалақы алатынын білдім. Мейрамханаға жұмысқа кірдім. 2-3 айға созылатын тәжірибені 2 аптада аяқтап, толыққанды жұмысқа орналастым. Себебі алдыға қойған мақсат осыған жетеледі. Аталған мейрамханада жүріп көп ақша таба бастадым. Кейін түрлі шағын кәсіп түрлерімен айналыса бастадым. Бірін ашып, бірін сатып, ақыры ортада жақсы инвесторлар тауылып, тұңғыш үлкен жобамды бастадым.

«Қуырдақтың көкесі» есіңізде ме?

2015 жылы 30-ға жуық командасы бар жобаны қолға алдым. Сол жерде жүріп көп қателестім деуге болады. Басқару және команданы ұстау бойынша қателіктерге жиі ұрындым.

Ең маңызды деген адамдар командадан кетіп қалды. Жалғы өзі кетпей, өзімен бірге команданы да ертіп кетті. Қаржы жағынан есеп-қисап та дұрыс болмады. «Қуырдақтың көкесінде» жүріп қателікке де ұрындым, тәжірибе де жинадым. Кейін Тараз қаласынан тағы да мейрамхана аштым. Бұл жерде үлкен қателік болған жоқ. Себебі алдыңғы кәсіпте болған қателіктердің бәрін өз бетімше зерттеп, зерделеп шықтым. Толыққанды жұмысты жүйелеуге әрекет жасадым. Тек мұнда инвесторлармен кездесу, өзара қарым-қатынас орнату мәселесі қиындық тудырды. Сөйтіп бұл жоба да жабылды.

Nomads ет дүкені туралы...

Ет дүкеннің Алматыда 3 жерде тұрақты орны болды. 30-ға жуық команда жұмыс істеді. Жоба кейін инвесторлардың қолында қалды. Өзінің табысын арттырмаса, құлаған жоқ. Біз жобаның сыртында қалып қойдық. Себебі бізде инвесторлармен жұмыс істеу механизмі дамымаған.

Қателіктер Ресейге барып білім алуға мәжбүр етті.

Көп қателік жіберіп, соларға талдау жасап, зерделегеннен кейін Ресейге ұшып кеттім. Ол жаққа барып менеджмент бойынша білім алдым. Үйреніп келген, оқып келген білімімді қазақ кәсіпкерлерінің арасына енгізіп көруді ойладым. Бір компаниямен келістім. Сол жаққа керек деген құралдарды енгізе бастадық. Ол жерге енгізген құралдарымыз бірде енсе, бірде енбей қалды. Соны екіге ажыратып алдық. Осылай саралап жүрген кезде айналамдағы кәсіпкерлер маған келе бастады. «Мынаны қалай істеу керек?», «Қай жерден қателік кетті?» деген секілді сұрақтарын маған қоя бастады.

Оларға айтып, көрсетіп берген құралдарым нәтиже берді. Кейін сөйлесе келіп, кәсіпкерлердің ең қарапайым деген нәрсені білмейтініне көзім жетті. Осылай көмектесіп жүріп, табыс та таба бастадым.

Кәсіп – проблеманы шешу

Айналамда жүрген кәсіпкерлердің бәрінде бір-ақ проблема. Соны көре отырып, ендеше неге соны шешпеске деген ой келді. Кәсіп – проблеманы шешу. Іздестіріп келсем, осындай қиналып жүрген кәсіпкерлерге қызмет көрсететін ресми консалтинг компаниялар бар екен. Мен де заң жүзінде бір консалтинг компания аштым. Ақыры клиенттер келе бастады. Табыс та артты.

Ақшаға асққанша, әр кірпішті сапалы қалайын деген позиция болды.

Компаниямыз табыс таба бастаған кезде менде мынандай бір ой болды: ақшаға асығып, оны көп тапқанша, әр кірпішті сапалы қалайын деп шештім. Осы менің позициям болды. Тапқан табысты өнімнің өзіне, анализге, талдауға салып отырдым. Әр кәсіпкермен 10 рет кездесеміз. Өзіміздің өнім де қалыптасты. Оны да үйрете бастадық. Ресейге бірнеше рет оқуға барып отырдым. Осы бағытта жүргенде  2-3 жылдың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалдық.

100 кәсіпкерді оқыттық.

Қазір 100 кәсіпкерді оқытып, тәжірибені бөлісіп, тәрбиелеп шықтық. Солардың соңғы легі, яғни 30-40 кәсіпкер үлкен нәтижеге қол жеткізген. Бізбен әлі де болсын жұмыстарын жалғастырып келеді.

Жұмыс барысы қалай жүреді?

Біз кәсіпкермен кездесеміз. Жүйелі-басқару жобасы бар. Біз оған жобаны толық ашып береміз. Ол сол жерде оқиды, құралдарды алады. Ол тек өзі қатысады. Біздің команда жұмыс істейді. Кәсіпкер тек өзінің көмекшісімен бірге келеді. Оның көмекшісін кейін біз HR маман ретінде тәрбиелеп шығамыз. Кәсіпкер оқиды, түсінеді. Ал көмекшісі оқиды, түсінеді әрі соны іске асырады.

Біз берген құралдарды дұрыс түсінгеннен кейін кәсіпкер кәсіпті жүйелі түрде қалай кеңейтуге болатынын біліп шығатын адам болады.

Кәсіпте жетістікке жету қиын ба әлде оны ұстап тұру ма?

Жетістікке жету және ұстап тұру дегенді ажыратып алайық. Бұл енді маркетинг айналасындағы мәселе. Өнім іздейсің, сатасың, ақшасын аласың, жүгіресің. Алайда өніміңді сатып алатын адам көбейген кезде сен команда іздейсің. Осыдан кейін кәсіпкер командамен бірге өнімнің сапасын жоғалтпауға бағытталуы керек. Нарық – резіңке емес. Кішкентай ғана. Егер компанияның өнімі сапалы әрі біркелкі болып тұрса, ол ұзаққа шабады. Біздегі микробизнестің проблемасы – өнімің сапасын ұстай алмаймыз. Жүйенің жоқтығы, команданың тұрақсыздығы осыған алып келеді. Біз аталған проблеманың бәрін шешіп беруге жұмыс істейміз, жүйелейміз.

Ақша үшін жұмыс істейтін командамен ешқашан сапалы өнім шығара алмайсың.

Сіздің ұсынып отырғаныңыз қандай өнім?

Өнімнің аты – жүйелі басқару жобасы.

Оның ішінде 10-ға жуық түрлі құралдар бар. Қазір қолданысқа енді. Біз осы уақытқа дейін ешқандай жарнама жасамай, осы өнімді жасап келдік. Енді нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.

Аталған өнім нақты кәсіпті жүйелейтін, Америкадан алып келген, тәжірибеден өткен өнім. Біз бұл өнімді еліміздің менталитетіне идіріп отырып, жасап шықтық.

Елдің сыртқы қарызын қалай өтейміз?

Мемлекеттің экономикасын көтеретін жол – кәсіп. Ал кәсіп соған лайық болу үшін жүйеленуі тиіс. Біз сол жүйелі кәсіпті және мықты кәсіпкерді дайындап шығып, нарыққа жібереміз. Ол өзі ары қарай алып кетуі керек.

Мемлекет экономикасының 80 % шағын кәсіп құрайды. Қалған 20% орта және үлкен кәсіп құрайды. Статистика бойынша күнделікті қанша шағын кәсіп ашылып, қайта жабылып жатады. Нағыз ақшаның қайнаған ортасы сол жерде. Олардың ашылуы немесе жабылуы мемлекетте білінбейді. Себебі айналымдағы ақша көп емес.

Жыл сайын ашылған жаңа шағын кәсіптің 90% жабылады. Оның қалған 7% келесі жылы жабылады. Тек 3 % ғана сапалы кәсіп өзінің жұмысын жалғастырады. Біз осыны 80% түсіре алсақ, үлкен жетістік. Мемлекеттің табысы артады, жұмыс орны көбейеді.

Қазақстанның сыртқы қарызын жабудың жолдарып көп. Мәселен, шағын кәсіп арқылы болатын болса, онда кәсіпкерлер кәсіптерін жүйелей алса, білімді әрі сапалы өнім жасап шықса, әр кәсіпкер өзінің салығын уақытылы төлеп отырса, онда қарыздың да проблемасын шешуге болады.

Әр кәсіпкер бір-бір ауылдың тумасы.

Кезінде Жақсылық Үшкемпіров ағамыз айтқандай, 5 мың қазақ жігіті немесе кәсіпкері шығып, жүйелі басқару жобасы арқылы кәсіптерін дамытып, әр ауылды гүдендіріп жіберсе, жұмыс орындарын көбейтіп, жақсы жалақы төлесе, халық сыртқы қарызды есептемек түгілі, ойламайтын да еді. Біздің мақсат – бес мың жігіт болмаса да, 500 кәсіпкерді тәрбиелеп шықсақ, солардың кәсібін жүйелеп берсек, үлкен жетістік болар еді.

«Амал дәптерін» жаппайтын 3 амал

Адам дүниеден өткен кезде де «амал дәптеріне» жазыла беретін 3 амал бар. Біріншісі, пайдаға асатын білім. Екіншісі, тоқтамайтын жақсылық. Көпір, үй, мешіт, мектеп, т.б. Біреудің үйінің шатырын жауып берсеңіз де осы қатарға жатады. Үшіншісі, ізгі ұрпақ. Біздің мақсатымыз – біз жасап жатқан өнімнің осы үш амалдың біріне келсе екен дейміз.