Bugin

Қазақ зиялылары «қоқыста» жатыр (фото)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Петропавлда 11 жыл бұрын қала қазынасынан 38 миллион теңге бөлініп, орнатылған қазақ зиялыларының ескерткіші мүлде қараусыз қалған. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.  

Мұнда Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау сынды ұлы тұлғалардың бейнесі бар. 2010 жылы Петропавлда қала күні мерекесіне орай орталық саябақта ақын-жазушы, ғалымдарға арналған 34 ескерткіш орнатылған болатын. Тарихи тұлғалардың шынайы бейнесіне ұқсамайтын 22 мүсін көпшілік сынына ұшырағаннан кейін авторы, алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге қайтарылған. Қалған 12 ескерткіш те саябақта ұзақ тұрмапты. Биыл олар тұрған орнынан ғайып болған.

- Күнде саябақта немерем екеуіміз қыдырамыз. Келе жатқанда ескерткіштердің атын атап, таныстырып қоятынмын. Балалар осындай ұлы тұлғаларды біліп, оларға еліктеп өсуі тиіс. Олардың жоқ болып кеткеніне өзіміз де аң-таң болып қалдық. Қайда екенін білмеймін. Көктем таяғанда жоғалып кетті. Әйтпесе жыл сайын жазда әктелетін. Мүмкін оның қазіргі жастар үшін маңызы жоқ шығар. Бірақ маған ол ескерткіштер ұнайтын. Ел үшін зор еңбек сіңірген адамдар ғой - дейді зейнеткер Майда Ғабдуллина.

6 ескерткіш жарты жылдан бері мәдениет үйінің алдында қаңтарылып тұр. Қалған алтауының қайда кеткені белгісіз. Олардың қатарында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин сынды жазушылардың бейнесі бар.

- Ескерткіштердің астында тұрған тұғыры бүліне бастаған. Сондықтан мүсіндерді уақытша мәдениет үйінің алдына әкелдік. Оларды жөндеуге қажетті сома көлемі есептеліп, бюджеттен ақша бөлінеді. Бірақ әзір олардың қайда орналастырылатыны белгісіз. Қалған 6 ескерткіштің қайда кеткенін де білмеймін - дейді Петропавл қалалық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Азат Ыбыраев.

Ал Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Қожаберген жырау, Федор Достоевский, Иван Шухов есімі жазылған тақтайшалар аяқ астында жатыр.