Bugin
Өзінен үлкен қыз-келіншекке жасы жетпесе де қолы жеткен жігіттер қатары көбейіп келеді
Бүгінде өзінен бірнеше жас кіші азаматты тірегі еткен, сонымен қатар өзінен 15-25 жас үлкен адаммен тұрмыс құрған қыз-келіншекке ешкім таңданбайтын болған. Себебі қоғамда бұл қалыпты жағдайға айналған. Тіпті, халықтың назарында жүрген танымал тұлғалардың арасында мұндай жұптар аз емес. Жас ерекшелікке байланысты қоғамда әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бірі бұл жағдайды қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсылығын білдірді.
Осы тұста өзінен бес жас кіші азаматқа тұрмысқа шыққан Айым Төлегенова өз пікірін айтты.
«Адамның сезімі айтып келмейді. Әрбір адамның тағдырына жазылған адамы бар және ол адамның қай кезде жолығатыны құдайға ғана мәлім. Жас ерекшелікте тұрған ештеңе жоқ. Бастысы екі адам бір-бірін түсініп, сыйласа білсе болғаны. Жұбайым менен 5 жасқа кіші, бірақ махаббатымызға бұл кедергі емес. Отау көтергенімізге үш жыл болды және қазіргі кезде бір қызымыз бар. Ер адам қашанда отбасының басшысы, тірегі. Жолдасымды үлкенмін деп басынған кезім болмады. Болмайды да. Әрине кей кезде ренжісіп қалатын сәттеріміз болады. Бірақ ұзаққа бармай, тез татуласып кетуге тырысамыз. Бастысы әйел де, ер де өз орнын білуі керек. Алғашында екі жақтан да ата-анамыз бұл шешімге қарсылығын білдірді. «Өзіңнен кіші жігітке тұрмысқа шығып, қайтесің?» деген ауыр сөздер де айтылды. Алайда бұл пікір қосылуымызға кедергі болмады. Негізі адамды жас ерекшелігіне қарап бөлуге болмайды. Себебі жасы кіші болса да, сенен ақылды, көпті көрген адам болуы мүмкін. Мысалы, Жандос менен сабырлы, шыдамды адам. Өзінің орнын біледі, ер азаматқа лайықты қасиетін жоғалтпаған жан. Аллаға шүкір, қазіргі таңда бақытты отбасылардың біріміз», -дейді Айым.
«Қазіргі кезде жасым 24-те. Дегенмен болашақта өзіменен үлкен азаматқа тұрмысқа шыққым келеді. Жыл сайын өзінен кіші жігітпен тұрмыс құрған қыздарды көріп, қорқынышым үдей түседі. Иә, шешімді әр адам өзі қабылдайды. Өз басым қанша ғашық болсам да, жасы кіші адамға тұрмысқа шықпайтын едім. Ер адам бәрібір қыздан кем дегенде бір жасқа, олай болмаған жағдайда жасты болуы керек. Ер адам қай жағынан болса да мықты болу керек. Мен жасы кіші адамды басынып алуым да мүмкін»
Арайлым Қайрат, психолог:
«Өзінен бірнеше жас кіші жігітпен тұрмыс құрып жатқан қыздар қатары күн санап артып келеді. Мұның 3 себебі бар. Бірі махаббатпен, бірі есеппен, бірі өзін тыңдайтын жас жігітті іздейді. Маған осы жағдайға байланысты ақыл-кеңес сұрап келетін қыздар жиі кездеседі. Бірі сүйіп қалғанын айтады, алайда ата-анасы қарсы. Енді бірі отбасын құрып ажырасып кеткен жұбайлар. Бұл тұста бірі махаббатпен шаңырақ көтерсе, бірі материалдық жағдайына қарайды. Қазіргі жігіттер көп қимылдағысы келмейді, жалқауланып барады, жауапкершіліктен қашады. Қыздың әлеуметтік жағдайына, қызметіне қарап үйленетіндер де бар. Себебі өздеріне анасы сияқты қамқорлық жасайтын әйелді іздеуі мүмкін. Осы тұста қыздар да анық-қанығын білмей, сезімге ерік беріп қателік жасап жатады. Дегенмен көпке топырақ шашу да дұрыс емес. Жасы кіші болса да махаббатпен үйленіп, тату-тәтті, бақытты өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптылар да бар.»
Түйін: Кім не айтса да, қалай ойласа да екі адамның арасындағы сезім шынайы болса, ол ешқашан өшпейді. Тек әйел адам "аяулы жарымын" деп жүріп, анасының ролін атқарып кетпесе болғаны. Ең бастысы жас айырмашылығы басынуға емес, бағынуға үйретсе "отбасы бақыты" мәңгілік болады.
Ал сіздің бұл пікірге ойыңыз қандай?
Сурет авторы: Асхат Казиев