Bugin
Жапондық стартап A.L.I. Technologies ұшатын мотоцикл – Xturismo Limited Edition сатылымының басталғаны туралы хабарлады, - дейді Bugin.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Ұшатын мотоциклдің құны 680 мың доллар. Мұндай құрылғының салмағы шамамен 300 килограмм. Жылдамдығы сағатына 100 шақыр. Ховербайк іштен жанатын қозғалтқышы мен алты винтінің арқасында 40 минутқа дейін ұша алады. Оның төртеуі батареямен жұмыс істейді.
Жапон заңнамасы мұндай көліктерді жалпыға ортақ жолдарда пайдалануға рұқсат бермейді. Сондықтан аталмыш мотоцикл суперкарларды ұнататын және жарыс жолында жүру мүмкіндігі бар тұтынушыларға бағытталған.
Атқарушы директор Катано Дайсукенің айтуынша, ховербайкты құтқарушылар таудағы адамдарды іздеу үшін пайдалана алады.
«Осы уақытқа дейін адамдар тек жерде немесе аспанда ғана қозғала алатын. Біз тасымалдаудың жаңа әдісін ұсынамыз деп үміттенеміз», - деді Дайсуке Катано.
Бұған дейін шведтік Candela компаниясы өзінің жаңа моделі – cу астында жүре алатын таксиін көрсеткен болатын.