Bugin
Алматыда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың құрметіне қабырға суреті ашылды, - деп хабарлайды Bugin.kz.
Муралдың ашылуы ақынның 90 жылдығы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып отыр. Бұл арт-жоба Мақатаев пен Шәріпов көшелерінің қиылысында орналасқан тұрғын үйдің қасбетінде жасалған. Авторлары – муралист-суретшілер Нұрболат Аманқұл мен Абай Сұлтан.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, қабырға суретін жасауға авторларға шамамен 5 күн, ал қабырғаны дайындауға бір апта уақыт кеткен. Бұл ретте суретшілер 50 литр қасбет бояуы мен 100 аэрозоль құтысын жұмсаған. Қабырғаның көлемі шамамен 190 шаршы метрді құрайды.
Қабырғаның ашылуына ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақыткүл Айдарова, «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдархан Әділбаев, сондай-ақ 21 қазанда жарыққа шыққан «Мұқағали» фильмінің түсіру тобы қатысты.