Bugin
Осы жылдың соңына дейін қазақстандық колледждердің 5 мыңға жуық оқытушысы еліміздің ірі кәсіпорындарында білімдерін шыңдайды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Министрлік колледж оқытушыларының білім беру процесіне енгізіліп жатқан оқыту әдістемелері мен жаңа технологияларды игеруі аудиторияларда емес, салалық кәсіпорындар мен мекемелер базасында өтуі үшін келіссөздер жүргізіп, келісімдерге қол жеткізді. Олардың қатарында «Арселор Миттал» АҚ, «АгромашХолдинг» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» МАЭК, «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС және басқалары бар.
Яғни, егер бұрын педагогтер біліктілігін теория жүзінде арттырса, ендігі кезекте практикалық білім сапасын арттыруға басымдық беріледі.
Осы жылдың соңына дейін еліміздің түрлі өңірлерінен 5 мыңға жуық колледж оқытушысы ірі кәсіпорындарда оқудан өтеді.
— Министрлік қазір колледжде оқып жүрген студенттердің болашақта жұмысқа орналасуы үшін қажетті практикалық білім алуына үлкен көңіл бөледі. Алға қойылған мақсатқа жету үшін біз қазір педагогтерді өндіріс орындарында оқытамыз. Жақын арада біз оқыту сапасындағы оң өзгерістерді көре аламыз деп ойлаймын. Оқытушылар «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұсынған кәсіпорындар базасында немесе колледждердің өздері ынтымақтастық орнатқан жұмыс берушілердің ұйымдарында тағылымдамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ педагогтер колледж жанындағы құзыреттілік орталықтарында біліктілігін арттыра алады. Бұл орталықтар «Жас маман» жобасы аясында құрылған және олардың барлығы қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған — деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Кәсіпорындарда тағылымдамадан өткен кезде педагогтер практикалық құзыреттіліктерін жетілдіріп, жұмыс берушілермен бірлесе колледж түлектерінің қандай дағдыларды меңгеру керектігін анықтайды. Содан кейін, аудиториялық оқыту кезінде педагогтер еңбек нарығының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің сұраныстарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізе алады.