Bugin

Жалған ақпарат: Қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломы Ресейде жарамсыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломы Ресейде жарамсыз деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қазақстандық үлгідегі диплом Ресей Федерациясы аумағында жарамайды деген ақпарат тарады.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі осы ақпаратқа қатысты жағдайды түсіндірді.

- Қазақстанның жоғары оқу орындарының мемлекеттік және жеке үлгідегі дипломдары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Жеке үлгідегі дипломдар отандық жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді - деді аталған министрліктің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.

Сондай-ақ, ведомстводан Қазақстан мен Ресей арасында жоғары білім беруге қатысты Лиссабон конвенциясы аясында өзара біліктіліктерді мойындау қарастырылғандығы айтылды. Одан бөлек, министрлік Қазақстан Болон декларациясының мүшесі және еуропалық білім беру кеңістігінің толық құқықты қатысушысы болған Орталық Азиядағы алғашқы ел екендігін еске салды. Яғни Қазақстан Республикасында берілетін дипломдарды Еуропалық біліктілік шеңберіндегі деңгейлермен салыстыруға болады.

- Қазан айында ТМД Білім саласындағы ынтымақтастық кеңесіне қатысушы елдер ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім саласындағы жұмысы мен жаңашылдықтарына оң баға берді. Мысалы, академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін жаңа білім беру бағдарламаларын, заңнамалық нормаларды енгізу және тағы сол сияқты. Сондай-ақ, министрлік сапасыз білім беру қызметтерін көрсететін жоғары оқу орындарын жабу үшін теңдессіз жұмыс жүргізуде – деп атап өтті М. Әбдуалиева.