Білім және ғылым

Шетелде қазақ тілін оқыту курстары ашылуда

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандық Жоғары оқу орындары шетелде қазақ тілін оқыту курстарын ашып жатыр. Бұл  туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.

Олар қазірдің өзінде Түркия, Иран, Польша, Оңтүстік Корея, Беларусь, Қытай және Өзбекстан сияқты елдерде жұмыс істейді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында осындай тіл орталықтарының жұмыс істеуі шетелдік студенттердің қазақ тілін оқып, қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен танысуына арналған.

Мысалы, Беларусь ұлттық техникалық университетінде Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ашқан Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығы жұмыс істейді. ЕҰУ бастамасымен Ирандағы Алламе Табатабаи университетінде Иран-Қазақстан мәдени-білім беру орталығы да ашылды. ЕҰУ-нің осындай мәдени-білім беру орталықтары Қытайдың оңтүстік-батыс университетінде, Түркияның Nigde Omer Halisdemir университетінде, Өзбекстанның Ферғана мемлекеттік университетінде жұмыс істейді. Бұдан басқа, ЕҰУ Брюссель қаласында (Бельгия) интернационалдандыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөніндегі ресми өкілдігін ашты. Еуропалық Одақта Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ кампусының ашылуы жоспарда бар.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Қытайдың жоғары оқу орындарымен серіктестік қарым-қатынас орнату және дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. ҚР-ның ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен М. Әуезов атындағы ОҚУ Далянь шет тілдер университетінің базасында Қазақстанды зерттеу орталығын ашты. Қазақ тілі мен мәдениеті орталықтары Польшадағы Ян Амос Коменский университетінде және Оңтүстік Кореядағы Kyungdong University-де жұмыс істейді. Олар Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінің осы шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы аясында ашылды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Польшаның Быдгощ қаласында шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының және Түркияның Кастамону университетінің базасында «Qazaq eli» мәдени орталықтарын ашты.