МӘДЕНИЕТ
Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Qazforum қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумында «Ninety one» тобының продюсері Ерболат Беделхан қазақ тіліндегі контентті оқитындар саны көп екенін айтты, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Ninety one тобын құрғаным үшін көп дау болды. Мен оған дайын болдым. Басты мақсат қазақтың жастарына тенденцияға байланысты заманауи музыканы алып келу ғана болды. Мақсатым тек қана осы. Әлеуметтік, саяси проблемалар көтеріле бастады. Тіпті өзіміз мұндай дау болады деп күтпедік. Одан бөлек, біздің сырт келбетімізге тиісті. Неге екенін бірі білер, бірі білмес. Жүйені Кореяның K-POP жанрынан алдым. Музыкант болғандықтан осы нарықты зерттедім. АҚШ-та да, Ресейде де болдық. Олар бізге «атауларың «Орда», бірақ әндерің қазақша. Сендерді халыққа қалай ұсынарымызды білмейміз» деді. Яғни шетелдерде бізді қалай қабылдайтыны туралы концепция жоқ. Бұл 15-17 жыл бұрынғы әңгіме, - дейді «Ninety one» тобының продюсері форумда.
Беделхан кейін Кореяда K-POP субмәдениеті шығып, оны бүкіл әлем қабылдағанын, сөйтіп, бұрын «Ордада» болмаған концепция пайда болғанын айтты.
«Сондықтан 2014 Кореяға барып, оның жүйесін қабылдадым. Ол кезде тіпті интернетпен қалай жұмыс істеу керегін үйрендім. Менеджментті түсіндім. Сөйтіп, «Ninety one» осы жүйе арқылы құралды. Нәтижесінде интернеттің арқасында «Ninety one» сәтті болды. Көпшілік неліктен орыс тілінде ән айтпайсыңдар дейді. Қазақ тілінде өлең айту – өз таңдауымыз. Қазақ тіліндегі контентті оқитындар өте көп. Оған сұраныс бар. Біз оны дәлелдедік», - дейді Ерболат Беделхан.