Bugin

Депутат: «Байқоңырдан» түсетін қаржы жергілікті тұрғындарға берілуі тиіс»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Байқоңыр» бюджетке әкелген ақша халыққа бұйырмай тұр. Бұл мәселені Сенатта депутат Мұрат Бақтиярұлы көтерді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

- Байқоңыр қаласы мен ғарыш кешені Ресейге ұзақ жылға жалға берілген. Осы үшін жылына Қазақстан бюджетіне 115 млн доллар көлемінде қаржы түседі. Өкінішке қарай осы жалға берген қаржыдан жергілікті Байқоңыр қаласы, Төретам, Ақай сияқты ғарыш айлағына жақын орналасқан елді мекендердің халқы Байқоңырдағы ғарыштың рахатын көріп отыр деп айта алмаймыз, - деді сенатор «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы заң жобасын талқылау кезінде.

Сенатор келтірген мәлімет бойынша, 15-20 жылдың ішінде осы аймақтағы тұрғындар арасында қан-тамырлары аурулары көбейген. Бала табар жастағы әйелдердің 60% анемиямен ауырады. Шала туған сәбилер саны да көбейіп барады. Бұған кезінде аса улы отын гептилмен ұшатын Протон зымырандарында болған апаттардың үлкен әсері болған.

- Осы кезге дейін Қазақстан аумағына төгілген мыңдаған тонна гептилдің тұрғындарға, қоршаған ортаға тигізген әсері туралы жан – жақты зерттелген жоқ. Бұл біздің тиісті министрліктер тарапынан жіберілген үлкен жауапсыздық деп білеміз. Таразының басында ең бірінші адам денсаулығы мен қоршаған орта болуы керек. Байқоңырдағы халық денсаулығы ғарыштан жоғары тұруы тиіс. Жалға беруден түсетін қаржының бір бөлігі жергілікті тұрғындардың емдеу-сауықтыру орындарында денсаулығын жөндеуге беріліп отыру керек деп есептейміз, - деді ол.