Bugin
Шымкент қаласында «Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы бойынша Тұран шағын ауданында орналасқан 280 пәтерлі 5 үй (№61А,62А,63А,64А,65А ) қолданысқа берілді. Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев азаматтарға пәтер кілттерін табыстады.
Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.
Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев жаңа қоныс иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аталған тұрғын үйлер бойынша тиісті жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді.
–Тұран шағынауданында 280 пәтерлі 5 үйді пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл үйлердің сметалық құны 4,5 млрд. теңгені құрайды. Қазір банкпен өзара құжат рәсімдеу жұмыстарын толық аяқтаған азаматтар қоныстану мүмкіндігін алды. Тұрғын үйлердің 5 жылдық мерзімде кепілдемесі бар. Қазірде мердігер мекемелермен инфраструктура құрылымдарын іске қосу жұмыстары бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда,- деді Ә. Рабаев
Бұған дейін аталған бағдарлама аясында Шымкент қаласында, Тұран шағын ауданында орналасқан 12 тұрғын үйдің яғни (№49А,50А,52А,53А,54А, 6А,8А , 10А ,12А, 14А, 16А, 18А) инфрақұрылымдық коммуналдық қызметтері жүргізіліп, азаматтарды қоныстандыру жұмыстары жалғасуда.
«Шаңырақ» жеңілдетілген несиелік бағдарламасы арқылы Данияр Әшірбай бүгінде армандаған пәтеріне қол жеткізіп отыр. Ол 2015 жылы кезекке тіркелген. Байсалдылықпен күтіп, үш бөлмелі баспанаға қол жеткізді.
– Жылдар бойы баспана жалдап келдік. Бірақ мойымадық, табандылық таныттық. Көп ұзамай өзіміздің үйіміз боларына сендік. Біздің баспаналы болуымызға жағдай жасаған әкімдік қызметкерлері мен «Отбасы банкке» алғысымызды білдіреміз.
Жергілікті әкімдік тарапынан азаматтардың баспаналы болуына қолдау ретінде 500 азаматқа 1 млн. теңгеге дейін несиелік баспананың алғашқы жарнасы қаралған. Аталған сертификатқа 1000-нан аса өтінім қабылданса, оның ішінде 382 өтінім мақұлданды. Қазір 382 өтінімнің 239-ы «Шаңырақ» бағдарламасының қатысушылары болып табылады.
«Шаңырақ» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі азаматтар ғана қатыса алады.