OrdaGen

Парасат Танен: «Ертегілерде 33 құндылық дәріптеледі»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы уақытта ата-аналардан «Балаларға арналған сапалы ертегі кітап таппадым», «Балам көретін жақсы қазақша мультфильмдер жоқ» дейтін шағымдарды жиі естиміз.  Бұл назға жауап табылды. Өткен жылы ғана балаларға арналған, аналарға көмекші болатын «Ordagen» жобасы жұмысын бастаған болатын. Осы орайда  жоба жетекшісі Парасат Таненмен сұхбаттастық.

 «Orda ертегілері» кітабында қандай құндылықтар дәріптеледі?

«Orda ертегілері» кітабындағы ертегілер адами, ұлттық, қоршаған орта және таным құндылықтары мен бір-біріне ұқсамайтын 33 түрлі құндылыққа негізделіп жазылған. Сол құндылықтарды бір арнаға тоғыстырып бала санасына ертегі арқылы жеткізуді мақсат еттік. Кітаптағы суреттер 3D форматында салынған. Барлығының аудионұсқасы да бар. Оны мобильді қосымша арқылы тыңдауға болады.

Ordagen мобильді қосымшасында неше ертегі бар? Барлығы тегін бе?

Ordagen-де барлығы  1000-ға жуық ертегі бар. Оның ішінде 700-ге жуығы жаңа заманауи ертегілер болса, 200-ге жуығы фантастикалық жанрда жазылған ертегілер. Одан бөлек, әлемнің, әр ұлттың қазақ тіліне аударылған 100 ертегісі бар. Барлық ертегінің аудионұсқасы мен 2D, 3D форматында салынған суреттері бар. Мұның бәрі  Ordagen мобильді қосымшасына жүктелген. Бұл қосымшаға тіркеліп, барлық ертегіні тегін тыңдап, оқи аласыз. Пікір де қалдыра аласыз. Ертегілеріңізді де ұсынсаңыздар болады. Мобильді қосымшаға қатысты біраз жоспарларымыз бар.

Ертегілерді кімдер жазды?

Ертегіні түрлі авторлар жазды. Қазіргі таңда 40- қа жуық авторымыз бар. Әрқайсысы түрлі саланың мамандары.  Еліміздің түкпір-түкпірінде болса да, байланысып бірге жұмыс істеп келеміз. Біз әлі де стандарттарға сай, 33 құндылықтың негізінде жазылған ертегілерді қабылдауға дайынбыз.

«Әлем халықтарынан ORDA ертегілері» жинағындағы өзге ұлт ертегілері қандай ерекшелігіне қарай таңдалды?

Негізі сол ұлттың өздері көп оқыған, көп тыңдаған ертегілерін таңдап алдық. Ондағы құндылықтарды, қазақы болмысқа сай келетінін, келмейтінін ескердік. Жинақта 14 ұлттың қазақ тіліне аударылған ертегілері бар.

Ordagen қоржынында неше мультфильм бар?

Әзірге тест күйінде жасалған 3 түрлі мультфильм бар. Үшеуі де халықтың көңілінен шықты. Жақсы пікірлер қалдырып, кері байланыс орнатып жатыр. Толықметражды мультфильмдер жасап шығарсаңыздар деген оқырмандардан тілек, ұсыныстар да келді. Ол нәрсені келесі жылға жоспарлап қойдық.

Бірақ әзірше ұзақтығы 4, 5 минуттық мультфильмдер жасап көріп жатырмыз. Егер барлығына ұнап, халықтан жақсы сұраныстар болып жатса, толықметражды мультфильмдер дайындайтын боламыз.

Осы қазан айында «Orda animation» деген анимациялық мультфильм жасайтын арнайы команда құрғанбыз. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Берке Аю және кәсіп» ертегісінің желісімен сериялы анимациялық мультфильм дайындап жатырмыз. Алғашқы бөлімі 15 қарашада Ордагеннің YouTube каналына шығады.

Ordagen-ді кім қаржыландырады?

Ordagen-ді өзіміз қаржыландырамыз. Түрлі кәсіптен тапқан табысты салып, осы жобаның дамуына бар күшімізді салып жатырмыз.

Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

1000 ертегімен тоқталмаймыз. Ертегілер саны мен сапалы шығарылған ертегі кітаптарының санын көбейту жоспарда бар. Оған қоса, «Orda animation» командасымен жыл соңына дейін «Берке  Аю және кәсіп» ертегісінің 3 бөліміне мультфильм жасап бітіру ойда бар. Жаңа айтып өткенімдей,  келесі жылдары толықметражды және көп сериялы мультфильм шығаруды жоспарлап отырмыз.

Одан бөлек, «Orda Games» деп аталатын балаларға арналған ойын ұйымдастырмақпыз. Бала бірінші турдан екінші турға өту үшін ертегіге қатысты тапсырмаларды орындайды. Ойын арқылы баланың ертегіге деген қызығушылығын арттырғымыз келеді.

Әңгімеңізге рақмет!