Bugin

Депутат: «Ауылдарда жол салуға ақша таппай отырғанда»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары футбол клубтарын бюджеттен қаржыландыруды тоқтатуды сұрап отыр. Олар өз ұсыныстарын вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалда айтты.

- Қазақстан футбол федерациясы бюджеттен бір тиын да алмайды деп отыр. Бірақ осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы ақша алады. Соңғы үш жылда облыс әкімдіктері кәсіпқой клубтарға 111 млрд теңге бөлген. Ал оған республикалық бюджеттен демеушілер тарапынан федерацияға бөлінген қаржыны қоссаңыз, онда оларды санауға да келмейді. Ресми мәлімет жоқ, - дейді депутат Қазыбек Иса.

Депутаттың айтуынша, ұлттық мүлік қазақстандық футболды дамытуға емес, шетелдік футболшыларды ұстауға жұмсалады. Клубтардың әлемдік рейтингінде қазақстандықтардың ешқайсысы 100-дікке енбей, 200-діктің соңында.

- ФИФА рейтингі бойынша Қазақстан 125-орында. Ал ТМД елдеріндегі футбол бюджеті ең аз Қырғызстан 96-орында. Бразилияға жіберілген 78 жігіттің ешқайсысы ойнамайды. Ауылдарда жол салуға ақша таппай отырғанда, миллиардтаған қаржыны ысырап етіп жатырмыз, - дейді депутат.

Оның үстіне 30 жылда Қазақстанда бір ғана стадион салынды. Ал футбол бюджеті екі есе көп Өзбекстан 10 заманауи стадион салды.

- Өзімізді масқаралау үшін халықтың қыруар қаржысын футболға құйып жатырмыз деген сөз. Сондықтан, гол соға алмай, тек халықтың ақшасын қалай пайдалану керектігін білетін футболға миллиардтар бөлуді тоқтату керек, - деді Қазыбек.

Ол кәсіпқой спорттың бизнес екенін және оны мемлекеттен қаржыландыруға болмайтынын атап өтті. Сондықтан бюджетке байланған футбол клубтарының барлығын жекешелендіру қажет.

- Мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар жаттықтырушыларын даярлауға бағыттау керек. Осы ауылдарда, аудан орталықтарында, қала маңында таланттарға жағдай жасау керек. Сондай-ақ шағын тегін спорт залдарын салу керек. Секциялардағы жаттықтырушыларға ұстаздармен тең дәрежеде лайықты жалақы төлеу керек, - деп қосты Қазыбек Иса.

Сондай-ақ депутаттар мемлекеттен футбол саласына бөлінген қаражат туралы есеп беруді сұрады.