Қоғам
«Қазақстан студенттерінің альянсы» республикалық қозғалысының жетекшісі Ілияс Түстікбаев студент күнін ресми түрде бекітуді ұсынды, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
«Біз 17 қараша күні кездесіп тұрамыз. Ол күні әлем бойынша халықаралық студенттер күні аталып өтеді. Ал көрші Ресейде студенттер күні 25 қаңтарда тойланады. Себебі Ресей президенті осы мерекені арнайы қаулымен бекіткен. Ал Қазақстанда ондай дата жоқ. Осыған байланысты 14 сәуірді ресми түрде Қазақстан студенті күні ретінде бекітіп, жыл сайын атап өтуді ұсынамыз», - деді Түстікбаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен болған кездесуде.
Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, студенттердің бөлек мерекесін бекітудің нәтижесінде жастардың бірлігі күшейе түседі. Олар төл мерекесінде кездесіп, тығыз араласады. Жастардың патриотизмі де артады.
Кездесуге қатысқан білім және ғылым министрі альянстың ұсынысына қатысты пікір білдірген жоқ.